Президент Әкімшілігінде «Қызмет» салалық кәсіподағының көшбасшысына ведомстволық награда табыс етілді
13.12.2022Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұсынуы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыповқа еңбек қызметіндегі ең жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және 40 жыл, оның ішінде бір саладағы 30 жылдан астам мінсіз қызметі үшін «Еңбек ардагері» ведомстволық медалі табыс етілді.
Мирболат Жақыпов 28 жыл бойы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде жұмыс істеді. Ғылыми, әдеби еңбектер мен жарияланымдардың авторы. Жоғары мемлекеттік және халықаралық наградалар мен құрметті атақтарға ие, оның ішінде «Құрмет», “Парасат” , “Достық” орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және т. б. медальдармен марапатталған.
Мирболат Жақыпов Президент Әкімшілігіндегі жұмыс барысында Мемлекет басшысы мен оның Әкімшілігін құжаттамалық қамтамасыз етуді жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Оның қатысуымен құжаттамалық жұмыстың заманауи нормативтік-құқықтық базасы құрылды.
Оның басшылығымен және жеке қатысуымен Президент Әкімшілігінде, содан кейін барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі әзірленіп, енгізілді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ұлттық ауқымда және қорғалған режимде сәтті жұмыс істейтін бұл жүйе әлемдегі ең озық жүйелердің бірі болып саналады.
М.Жақыпов ҚР Президенті Әкімшілігінің кәсіподақ комитетінің төрағасы (1995-2010 жж.) және ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің мүшесі ретіндегі қоғамдық жұмысы үшін 2008 жылы «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталды.