Үшжақты комиссия отырысы жаңа форматта өтті
04.02.2022Әлеуметтік әріптес, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бектайұлы Абсаттаровтың ұсынысымен 2022 жылдың әлеуметтік әріптестік жөніндегі қалалық үшжақты алғашқы комиссия отырысы қаламыздағы өндіріс орнында, яғни құю-механикалық зауытында өткізілді. Оның үлкен себебі, кезектен тыс комиссия отырысын теориялық тұрғыда қарастырғаннан кейін, практикада еңбек адамына еңбек етуге жұмыс беруші тарапынан қолайлы жағдайдың қаншалықты жасалғанын көру еді. Қаңтар айында бейбіт шеруге шыққан еңбекші халықтың көбі “Қазақмыс” корпорациясына қарасты Жезқазған құю-механикалық зауыты, Жезқазған мыс қорыту зауыты, 1.2.3 Жезқазған байыту фабрикасы, “Транко Жез” ЖШС қызметкерлері, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» МК еді.
Қазіргі таңда еңбеккерлердің жалақыны көтеру және әлеуметтік пакеттер бойынша талаптары толығымен орындалған. Дегенмен, заңнамалық деңгейде шешуді талап ететін өндіріс жұмысшыларының зейнет жасын төмендету сияқты мәселелер бойынша орталық атқарушы органдарға ұсыныс хаттар жолданған.
Еңбек ұжымдарындағы проблемалық сұрақтардың шешілгенін, жақын арада шешілетінін, шешу жолдарына тоқталып, алдағы уақытта әлеуметтік әріптестерге кәсіподақтармен бірге еңбек ұжымдарымен тығыз жұмыс істеу, олардың көңіл-күйін білу, осындай жағдайлардың алдын алу бойынша мониторинг жүргізу тапсырылды. “Қызмет” кәсіподағының әлеуметтік әріптестермен бірлесе әлеуметтік шиеленістің, еңбек жанжалдарының алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл Әлеуметтік әріптестік жылы аясында да еңбек адамының әл-ауқатын арттыруды көздейтін кәсіподақ ұсыныстар қолдау табады деп ойлаймыз.