Клавдия Михайловна Сапожникова: кәсіподақ қозғалысына адал қызмет еткен 40 жыл!
08.07.2026Өзінің кәсіби өмір жолымен ұйым тарихының ажырамас бөлігіне айналатын жандар болады. Солардың бірі – мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Клавдия Михайловна Сапожникова.

Ол қырық жылдан астам өмірін кәсіподақ қозғалысын дамытуға және еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға арнады.


Клавдия Михайловнаның еңбек жолы 1968 жылы басталды. Жоғары білім алып, қоғамдық тамақтандыру саласында тәжірибе жинақтаған ол экономистен бастап Петропавл қаласындағы қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының директоры қызметіне дейінгі еңбек жолынан өтті. Кейін жолдасының қызметтік ауысуына байланысты отбасы алдымен Алматы қаласына, одан кейін Жамбыл облысына қоныс аударды.

1986 жылдың шілде айынан бастап Клавдия Михайловнаның өмірі мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағымен тығыз байланысты. Жамбыл облыстық кәсіподақ комитетінде нұсқаушы-ревизор қызметінен бастаған ол аз уақыттың ішінде білікті, жауапты әрі өз ісіне адал маман ретінде танылды.

1988–2000 жылдары Жамбыл облыстық кәсіподақ комитетінің бас бухгалтері болып еңбек етті. Оның жоғары кәсібилігінің, ұқыптылығы мен қаржылық жұмысты жетік меңгеруінің арқасында ұйымның қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, кәсіподақ қаражатының ашық әрі тиімді пайдаланылуына және қаржылық тәртіптің сақталуына зор үлес қосылды.

2000 жылдың қыркүйегінен бері Клавдия Михайловна Жамбыл облыстық салалық кәсіподақ филиалы төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол кәсіподақ ұйымының бірлігін нығайтуға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруге және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға елеулі үлес қосты.

Клавдия Михайловна жоғары кәсібилігімен, принципшілдігімен, жауапкершілігімен, талапшылдығымен, байыпты шешім қабылдай білуімен және адамдармен тіл табыса алу қасиетімен ерекшеленеді. Әріптестері оны ізгі ниеттілігі, жанашырлығы, адамдарға деген қамқорлығы және кез келген жағдайда қолдау көрсетуге дайын тұратыны үшін ерекше құрметтейді.

Көп жылғы жемісті еңбегі мен әріптестерінің зор сенімінің нәтижесінде Клавдия Михайловна бірнеше мәрте Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып сайланды. Сонымен қатар салалық кәсіподақ съездерінің шешімімен «Қызмет» кәсіподағының Бақылау-тексеру комиссиясының төрайымы болып сайланып, кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау, ашықтық пен заңдылық қағидаттарын сақтау және қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Көп жылғы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Клавдия Михайловна «Шапағат» медалімен, «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Мемлекеттік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақтарының халықаралық федерациясының мерейтойлық медалімен, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының, салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің, Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қырық жылдан астам уақыт бойы Клавдия Михайловна таңдаған кәсібіне адал қызмет етіп келеді. Оның еңбек жолы – жоғары жауапкершіліктің, адамға адал қызмет етудің және кәсіподақ ісіне шынайы берілгендіктің жарқын үлгісі. Осындай азаматтардың арқасында кәсіподақ қозғалысының үздік дәстүрлері сақталып, еңбек адамдарының ұйымға деген сенімі нығайып, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар табысты жүзеге асырылуда.
Клавдия Михайловнаның еңбек мерейтойы – оның жеке өміріндегі айтулы белес қана емес, сонымен қатар көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі, өмірлік даналығы және салалық кәсіподақтың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін зор алғыс білдіретін ерекше күн.
Клавдия Михайловнаның мол өмірлік тәжірибесі, сарқылмас күш-қуаты мен таңдаған ісіне деген адалдығы алдағы уақытта да жас кәсіподақ қызметкерлеріне үлгі болып, өзіне зор денсаулық, отбасына амандық, әріптестерінің құрметі мен еңбек жолындағы жаңа жетістіктер серік болсын.
