Мемлекеттік қызмет – ел дамуының тірегі

Мемлекеттік қызмет – ел дамуының тірегі

25.06.2026 Off By Администрация сайта

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Мұғалжар ауданында ұйымдастырылған салтанатты іс-шара өтіп , онда еңбегімен еленген меемлкеттік қызметшілер марапатталды. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, облыстың әлеуметтік – экономикалық даму бағытындағы қажырлы еңбектеріне алғыс білдірді.

Шараға барысында «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Мухтарита Мұханбетқалиқызы Сағындықова мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген бірқатар кәсіподақ мүшелеріне , атап Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлзада Мұхтасарқызы Балмұхановаға және Жұрын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Күләй Есеналықызы Амиралинаға «Қызмет» салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады. Көп жылдық адал еңбегімен, кәсіби біліктілігімен және мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесімен ерекшеленген қос маманның марапаты – бүкіл кәсіподақ мүшелері үшін зор мәртебе.

Сондай-ақ, кәсіподақ қозғалысының ардагері, мемлекеттік қызметшілердің Мұғалжар аудандық кәсіподақ ұйымын ұзақ жылдар басқарған Амангелді Қалиұлы Шунимовтың 85 жас мерейтойы ерекше құрметпен аталып өтті. Мухтарита Мұханбетқалиқызы ардагерге кәсіподақ атынан арнайы құттықтау табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Бұл – кәсіподақтың өз ардагерлерін әрдайым қадірлеп, олардың еңбегін ұмытпайтынының айқын белгісі.
Өз кезегінде Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов те мерейтой иесіне шипажайға жолдама тарту етіп, құрмет көрсетті. Бұл – еңбек адамына деген құрметтің, ардагерлерге деген қамқорлықтың және әлеуметтік әріптестіктің нақты нәтижесі.

Кәсіподақ үшін әрбір мүшенің еңбегі бағалы. Осындай кездесулер еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара сенім мен құрметті нығайта түседі.


Барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық және жаңа жетістіктер тілейміз!