Қауіпсіз және әділ еңбек жағдайлары үшін
29.04.2026«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Қостанай облыстық филиалы Дүниежүзілік еңбекті қорғау және қауіпсіздік күніне орай «Қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасы және ұжымдық шарттың рөлі» тақырыбында онлайн-семинар ұйымдастырып, өткізді.
Конференцияның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің рөлін түсіндіру, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға арналған практикалық құралдар ұсыну болды.
Онлайн-конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің басшысы Сеитова Дина Ғабидуллақызы, Қостанай облысы бойынша АКБ төрағасының орынбасары – заң клиникасының жетекшісі Исмагамбетов Асет Талғатбекұлы, аудандық және қалалық филиалдардың, дербес бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары мен кәсіподақ мүшелері қатысты.
Конференция жұмысын облыстық филиал төрайымы Донбаева Гүлнара Дәлібайқызы ашып, қатысушыларды Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнімен құттықтап, онлайн-семинар жұмысына табыс тіледі. Ол өз сөзінде әлем бойынша кәсіподақтардың жұмыс орындарында болуы психоәлеуметтік тәуекелдерден қорғаудың ең тиімді құралы екенін, бұл өз кезегінде қызметкерлердің денсаулығын жақсартып, экономикалық нәтижелерге оң әсер ететінін атап өтті.
Департамент өкілі Сеитова Дина Ғабидуллақызы еңбек заңнамасының сақталуы, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, жұмыс берушілердің міндеттері, ұжымдық шарттың рөлі, сондай-ақ департамент қызметі барысында анықталатын негізгі құқықбұзушылықтар мәселелеріне тоқталды.
Ал заң клиникасының жетекшісі Исмагамбетов Асет Талғатбекұлы психологиялық қысым, еңбек жағдайларының бұзылуы, ұжымдық шарт талаптарының ескерілмеуі сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Онлайн-семинар соңында қатысушылар шақырылған спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Іс-шара еңбек құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, еңбек қауіпсіздігін бақылау, еңбек қатынастарын цифрландыру және еңбеккерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру туралы қарар қабылдаумен аяқталды.
Кәсіподақ пен өзара іс-қимыл жасайтын органдардың ортақ міндеті – өңірдегі ұйымдар мен мекемелерде заңды, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.





