Жыл қорытындысы және жаңа белестер: «Қызмет» кәсіподағы алға нақты мақсаттар қойды!

Жыл қорытындысы және жаңа белестер: «Қызмет» кәсіподағы алға нақты мақсаттар қойды!

31.03.2026 Off By Администрация сайта

Данагүл Мұхамедкерімқызы Айнакулова, Алматы қалалық филиалының төрайымы:

Астана қаласында Мемлекеттік, банк мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атқару комитетінің 2025 жылғы қорытындысы туралы отырысы өтті. Алматы қалалық филиалының төрайымы ретінде осы маңызды жиынға қатысып, алдағы жоспарларымызды талқыладық.
 
Бұл сапар мен үшін өте жемісті әрі ерекше болды. ҚР Кәсіподақтар федерациясынан «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін»медалімен марапатталдым. Бұл – тек менің ғана емес, бүкіл алматылық ұжымның қажырлы еңбегінің бағалануы. Сенім білдіріп, қолдау көрсеткен әріптестеріме алғысым шексіз!
 
2025 жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен 8 өңірге арнайы сыйақы берілді. Біздің Алматы филиалы үздік сегіздіктің қатарынан көрініп, жетістігіміз үшін Жаңақорған қаласындағы шипажайға 10 күндік тегін бір жолдама берілді. Бұл – еңбек адамына көрсетілген шынайы қамқорлықтың айқын үлгісі.
 
2026 жылға арналған міндеттерСалалық кәсіподақ Төрағасы Мирболат Хабиұлының жетекшілігімен 2027 жылы атап өтілетін «Қызмет» кәсіподағының 100 жылдық мерейтойына орай маңызды міндеттер айқындалды:
 
Қатарды толықтыру: Кәсіподақ мүшелерінің санын 110 мыңнан асыру – басты меже.
Цифрландыру: Салалық кәсіподақтың «Kyzmet Mobile» мобильді қосымшасы әзірленеді. Бұл жерде мүшелікке өту, кеңес алу және серіктестерден жеңілдіктер алу мүмкіндігі болады.
Жастармен жұмыс: Заман ағымына сай TikTok, YouTube, Telegram желілерінде жаңа форматтағы контенттер жасап, 18–35 жас аралығындағы жастарды кәсіподаққа тартуды көздейміз.
Құқықтық қорғау: Кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, еңбекақы жүйесі мен жұмыс жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуді жалғастырамыз.
Әлеуметтік жобалар: «Еңбек адамын ұлықтау», «Халықтық бюджет» және т.б. жобалар мен акцияларға қатысу.
 
Бүгінгі кәсіподақ – бұл заманауи, ашық және әрбір қызметкердің мүддесін қорғайтын қуатты ұйым. Біз тек қорытынды жасап қана қоймай, болашаққа нық сеніммен қадам басамыз. Алматы филиалы алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді. Жеңістен -жеңіске жете берейік!