15 қараша – ұлттық валюта – теңге күні, қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі
19.11.202515 қараша – барша Қазақстан үшін ерекше маңызға ие тарихи күн. Бұл күні еліміздің экономикалық дербестігінің символы болып табылатын ұлттық валюта айналымға енгізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997-ші жылғы 13 қарашадағы №3753 Жарлығымен 15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні, қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Содан бері елімізде бұл күні қаржы жүйесінің қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Олардың алдында күн сайын бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру, әртүрлі деңгейдегі бюджеттердің кіріс бөлігін ұлғайту, тапшылықты қысқарту сынды күрделі міндеттер тұр.

Ұлттық валюта күні – тек қаржыгерлердің кәсіби мерекесі емес, еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық дербестігін айшықтайтын ерекше күн.
Мереке қарсаңында «Қызмет» салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалына қарасты ұйымдарда кәсіподақ мүшелері марапатталды.


Қызылорда облыстық экономика және қаржы басқармасында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы қызметкерлерді “Ұлттық валюта және қаржы саласы қызметкерлері” күнімен құттықтап, марапаттар табыстады. Жиында Қызылорда облысының кәсіподақтар бірлестігінің “Құрмет грамотасымен “Білімді дамыту және еңбек ақы қорын талдау, мониторингілеу” бөлімінің басшысы Шынар Абиева, “Жобалық басқару” бөлімінің басшысы Бақыт Жүнісова, «Қызмет» салалық облыстық кәсіподағының «Құрмет грамотасымен» “Бюджетті үйлестіру, жиынтық және талдау” бөлімінің бас маманы Элеонора Әжібекова марапатталды.

Сондай-ақ Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде және Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиындарда Қызылорда облысының кәсіподақтар бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» департаменттің Кедендік бақылау басқармасының бөлім басшысы Мұхан Қожанбай, Камералдық мониторинг басқармасының бас маманы Маржан Маханова және «Қызмет» салалық облыстық кәсіподағының «Құрмет грамотасымен» Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ақмарал Мәлікайдарқызы марапатталды.
Мереке құтты болсын! Еліміздің қаржы қазаны ортаймасын, халқымыздың ырысы мен берекесі арта берсін, теңгеміздің қадірі жоғары болсын!



