Жұмысшы мамандықтар жылы қортындыланды
19.11.20252025 жыл Қазақстан үшін Жұмысшы мамандықтарының жылы ретінде есте қалды. Елде еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы мамандықтарына сұранысты ұлғайту, кәсіби дамуды қолдау және әлеуметтік қорғауды кеңейту бойынша нақты қадамдар жасалды.
18 қараша күні Шымкент қаласында, «Көрме орталыгында» өткен еңбек жәрмеңкесі Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтары жылының маңызды оқиғасы болды. Жәрмеңке еліміздің барлық өңірлерінен келген жұмыс берушілер мен азаматтарды біріктірді.
200-ге жуық компания мен ұйым қатысты: өнеркәсіп, құрылыс, медицина, білім беру, IT, логистика, сауда және қызмет көрсету салалары.
Жалпы 2000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылды, оның ішінде жоғары жалақы мен әлеуметтік пакеті бар, сондай-ақ тәжірибесі аз жастарға арналған вакансиялар бар.
Ең сұранысқа ие мамандықтар: дәрігерлер, медбикелер, инженерлер, технологтар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жүргізушілер, логистер, IT-мамандар, call-center операторлары және бухгалтерлер.
Көптеген қатысушылар тікелей сұхбаттан өтіп, жұмысқа шақыртулар алды.

Еңбек мобильділігі орталығы азаматтарға тегін кәсіби оқу бағдарламаларын таныстырды: аспаздық, тігіншілік, шаштараздық, IT, бухгалтерлік есеп, логистика. Оқыту аяқталған соң жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетілді.
Өз ісін бастауға ниет білдіргендерге грант алу жолдары, бизнес-жоспар құру қағидалары және мемлекеттік қолдау тетіктері таныстырылды. Гранттар арқылы жұмыссыздықтан кәсіпкерлікке өту мүмкіндігі ерекше қызығушылық тудырды.
Көпбалалы отбасылар, мүгедектер, жастар және жұмыс табуда қиындық көрген азаматтар үшін арнайы субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылды.
Іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов пен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев арнайы қатысты. Олар жұмысқа орналасуға келген азаматтармен және ұйымдастырушылармен кездесіп, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылады.
Еңбек адамы – елдің тірегі. Кәсіподақтар еңбек нарығындағы әр өзгерісті қадағалап, жұмысшылардың мүддесін қорғайды. Бұл жәрмеңкелер – азаматтардың өз орнын тауып, тұрақты табысқа қол жеткізуіне тікелей жол ашатын тиімді бастама.
Өткен жәрмеңке – Жұмысшы мамандықтары жылының нақты нәтижесі, ол елдегі еңбек нарығының дамуын, жұмысшы мамандықтарға сұраныстың өскенін және кәсіби дамуды қолдаудың маңызын көрсетті. 2025 жылы Қазақстанда еңбек – қоғам дамуының қозғаушы күші, ал әр азаматқа көрсетілген қолдау – елдің экономикалық өрлеуіне тікелей инвестиция екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.



