Еңбекке жоғары баға!
30.10.2025
Бүгін
Алматы және Жетісу облыстары бойынша мемлекеттік, банк мекемелері мен қоғамдық
қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Қызмет» филиалының
төрағасы Жақсылық Қаһарман Еркінайұлы Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жақсылық Қаһарман Еркінайұлы еңбек жолын Алматы облысы Ескелді ауданы Абай атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін осы мектепте тәрбие ісі жөніндегі ұйымдастырушы қызметін атқарған. Ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби шеберлігінің арқасында 2005 жылы Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының жетекші маманы болып тағайындалды. 2017 жылдан бастап осы басқарманың басшысы міндетін атқарды.
2018 жылдан бері Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары қызметін атқарып келеді, ал 2020 жылдан бастап Алматы және Жетісу облыстары бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы филиалының төрағасы болып қызмет етуде.
Оның басшылығымен филиал әлеуметтік әріптестікті дамыту, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын тиімді қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ өңірдегі кәсіподақ қозғалысын нығайтуға зор үлес қосуда.

Мемлекеттік қызмет пен кәсіподақ саласында мол тәжірибесі бар Жақсылық Қаһарман Еркінайұлы өзін кәсіби тұрғыда білікті, жауапты әрі беделді басшы ретінде танытты. Еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі белсенді еңбегі үшін ол бірнеше медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған.




