Жерлерді мемлекет меншігіне қайтару барысы қаралды

Жерлерді мемлекет меншігіне қайтару барысы қаралды

12.08.2025 Off By Администрация сайта

2025 жылдың 8 тамызында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы мен «Аймақтық даму» өңірлік кеңесінің бірлескен отырысы өтті.
Отырысқа кәсіподақ тарапынан «Аймақтық даму» өңірлік кеңесінің мүшесі «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов қатысты.
Жиында екі негізгі мәселе қаралды.
Біріншісі – 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Шымкент қаласы аумағындағы заңсыз берілген және игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында атқарылған жұмыстар.
Екіншісі – қаладағы резонанстық жер мәселелерін талқылау болды.
Қаралған мәселе бойынша жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдіразақов өз баяндамасында жыл басынан бері 187 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 115 әкімшілік іс қозғалып, 12,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, бұл қаржы ерікті түрде өндірілгенін хабарлады.
Ал, 2025 жылы игерілмеген, жалпы алаңы 91 гектар жер учаскесіне қатысты 23 нұсқама табысталған. Олардың орындалу мерзімі 2026 жылы басталады.
Сонымен қатар, 2024 жылы кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмаған жер телімдеріне қатысты берілген нұсқамалар негізінде 10 еселенген салық салынып, мемлекет қазынасына 81 575 592 теңге түскен.
Отырыс барысында комиссия мүшелері өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Сондай-ақ, резонанстық жағдайларға байланысты азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Барлық ұсыныстар мен шешімдер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.