Кәсіподақтар күніне арналған кездесу

Кәсіподақтар күніне арналған кездесу

14.10.2025 Off By Администрация сайта

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күнін мерекелеу аясында Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Қызмет» төрағасы Мирболат Жақыпов пен аталған кәсіподақтың Астана қалалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының РМК «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» жанындағы бастапқы кәсіподақ ұйымына арнайы іссапармен барды.

Кездесу барысында әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кәсіподақ қозғалысын нығайтуға белсенді үлес қосқаны үшін РМК «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының» директоры Асқар Жаппарға «Үздік әлеуметтік әріптес» медалі табысталды. Марапатты тапсырған Мирболат Жақыпов әлеуметтік диалог аясында атқарылған тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Асқар Жаппар кәсіподақ институтының қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру мен ұжым ішіндегі тұрақтылықты сақтаудағы маңызын атап өтті.

Сапар барысында кәсіподақтың белсенді мүшелеріне де марапаттар табысталды. Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің басшысы Марат Мусин кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі және кәсіподақ қағидаттарына адалдығы үшін «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, адал еңбегі, жоғары кәсіби жетістіктері және кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқаны үшін бірқатар қызметкерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

Айта кету керек, РМК «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» жанындағы бастапқы кәсіподақ ұйымы 2023 жылдың қаңтар айында құрылған. Құрылған сәттен бастап ұйым белсенді жұмыс атқарып келеді: қызметкерлерге қажетті қолдау көрсетіліп, сауықтыру, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Барлық іс-шаралар кәсіподақ қызметінің мақсаттарына және ұжымдық шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда.

Бастапқы кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Аубакиров салалық кәсіподақ басшылығына көрсеткен қолдауы мен ықыласы үшін шынайы алғысын білдірді.

Салалық кәсіподақ «Қызмет» қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында белсенді жұмысын жалғастырып келеді. Ұйым заманауи қолдау тетіктерін енгізіп, мотивациялық механизмдерді дамытып, бастапқы кәсіподақ ұйымдарының рөлін нығайтуда. Кәсіподақ құрылымындағы барлық деңгейдегі үйлесімді және мақсатты жұмыс нақты әрі сезілетін нәтижелерге қол жеткізіп, еңбекке, адамға және заңға деген құрмет мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беруде.