Ізгілікке арналған 20 жыл: «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мерейтойын атап өтті
18.07.20252025 жылғы 18 шілдеде «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылғанына 20 жыл толуына орай мерейтойлық шара салтанатты әрі жылы атмосферада өтті. Осы жылдар ішінде орталық кәсібилік пен жанашыр қамқорлық үйлескен орынға айналды. Мұнда ерекше қолдауға мұқтаж жандарға үздіксіз көмек көрсетіледі.
Мерекелік іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов пен оның орынбасары Атақозы Нұрланов, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, бағынысты ұйымдардың директорлары мен Қазақстан Республикасының әр өңірінен келген қонақтар қатысты.


Орталық 2005 жылы құрылған, ал 2022 жылдың маусым айынан бастап мекемені Көкен Назарбек басқарады. Бүгінде орталықта 266 қызметкер еңбек етеді — олардың барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады және «Қызмет» салалық кәсіподағының елорда филиалындағы ең белсенді алғашқы кәсіподақ ұйымдарының бірін құрайды.


Орталық Ақмола облысының көрікті өлкесі Ақкөл ауданында орналасқан және 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған. Мұнда арнайы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі көрсетіледі: тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, құқықтық және экономикалық.
Қонақтар орталықтың жұмысымен танысып, әкімшілік және тұрғын корпустарды, сондай-ақ емделушілердің тұратын үйлерін аралады. Мекемеде жайлы бөлмелер, тренажер залы, кітапхана, еңбек терапиясы кабинеттері, асхана сынды барлық қолайлы жағдайлар жасалғаны көрініп тұр. Бос уақытты ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді — мәдени және спорттық іс-шаралар, концерттер мен мерекелер өткізіледі.

Орталықтың басты мақтанышы — оның тәрбиеленушілері. Олар спорт пен шығармашылық бағытта жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. 2018 жылы орталықтың өкілдері — Антон Соколов пен Надежда Палкина Люксембургте өткен «Special Olympics» Еуропалық бочче турниріне қатысып, командалық есепте 3-орынға ие болды. Ал Надежда Палкина жеке санатта құрметті 2-орынды жеңіп алды. Бұл жеңіс әлеуметтік оңалтудың нәтижелі екенін дәлелдеп, «Қамқор» орталығының атын шетелге де танытты.


Іс-шараның екінші бөлімінде орталықтың қызметі туралы деректі фильм көрсетіліп, орталық қызметкерлері мен тәрбиеленушілері дайындаған концерт өтті. Жүрекке жететін музыкалық және көркем қойылымдар көрермендердің жүрегін тебірентті.
Құттықтау сөзінде «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов былай деді:
«Сіздердің жұмыстарыңызда нағыз адамгершілік пен кәсібилік көрініс табады. Орталықтың қызметкерлері – бұл жай ғана мамандар емес, жүрегі кең, мейірімге толы жандар. Олар күн сайын ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жылу мен қамқорлық сыйлайды. Сіздердің еңбектеріңіз — асыл әрі баға жетпес еңбек. Кәсіподақ атынан әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын».

Іс-шара барысында Мирболат Жақыпов орталықтың бірқатар үздік қызметкерлеріне мекеменің 20 жылдығына орай, кәсіподақтың қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны, кәсіби шеберлігі және құрмет медальдарын табыстады.

Сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағының елордалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов ұжымға табыс, денсаулық және жаңа жетістіктер тіледі. Ол филиал атынан 5 қызметкерге 20% жеңілдікпен санаторий-курорттық емделуге арналған сертификат табыстады.
Сонымен қатар Кәсіподақ тарапынан орталыққа бағалы сыйлық тарту етілді.


Бұл мерейтой тек құттықтаулар айтылатын күн ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік жұмыстың басты күші – ізгілік, жылулық, кәсібилік пен адамға деген жанашырлық екенін дәлелдеген жарқын күн болды.


Мерейтойлық іс-шаралар аясында Орталық аумағында мекеменің 20 жылдығына арналған естелік стелланың салтанатты ашылуы өтті. Стелла жүректі аялап тұрған алақан бейнесінде жасалған – бұл Орталық қызметкерлерінің күн сайын қамқорлығын, жылулығын және қолдауын білдіретін символ. Бұл айшықты бейне мекеменің басты миссиясын – жан-тәнімен қамқорлық жасау идеясын бейнелейді.
Мерекенің жарқын сәттерінің бірі – ағаш отырғызу акциясы болды. Бұл игі бастамаға қонақтар мен Орталық қызметкерлері белсене қатысып, мекеме ауласында сәндік ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл қайырымды іс – өмірді, жаңаруды және тұрақты дамуды білдіретін нышан. Жасыл желектер мерейтойдың және қамқорлық, жылылық пен адамдарға деген жанашырлық дәстүрлерінің жалғасын білдіретін тірі естелікке айналады.






