Статистика саласының қызметкерлері марапатталды
13.11.2023Статистика мемлекеттік басқару жүйесінің айрықша маңызды саласы. Сала қызметкерлерінің ынтымақты жұмысы еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындауға мол мүмкіндік береді. Статистика мемлекет үшін де, қоғамның дамуы үшін де өте маңызды. Түрлі саяси, экономикалық және әлеуметтік шешімдер қабылдауда статистиканың рөлі зор. Сол себепті бұл сала нақтылықты, шынайылықты талап етеді.

8 қараша – Қазақстан Республикасының статистикасы күніне орай Қызылорда облысы бойынша статистика департаментінде салтанатты шара ұйымдастырылып, оған облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, департамент пен басқармалар өкілдері, статистика департаментінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.


Мерекелік шараға қатысқан «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева департамент қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, кәсіподақ марапаттарын табыстады. «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының «Еңбек озаты» медалімен департаментте 38 жыл еңбек етіп, статистика саласының өркендеуіне өз үлесін қосқан бас маман Замира Айтмағанбетова марапатталды. Сонымен қатар «Қызмет» салалық кәсіподағының, «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің, «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының құрмет грамоталары сала қызметкерлеріне табысталды.

