Елорда әкімімен кездесу өтті
11.10.2023«Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов пен қалалық филиал төрағасы Атақозы Нұрланов Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесті.
Кездесу барысында елордадағы мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланып, әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытудың перспективалық жоспарлары қарастырылды.
Мирболат Жақыпов қала әкімі аппаратының, бірқатар басқармалар мен департаменттердің кәсіподақ ұйымдарының, сондай-ақ көптеген әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің еңбек жағдайларын жақсарту, ұжымдардағы корпоративтік рухты нығайту, әріптестеріне материалдық және моральдық қолдау көрсету жөніндегі белсенді жұмысын атап өтті.
Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың іске асырылуын, мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін бағалаудың жаңа жүйелерін енгізуді, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің құрылымдары мен санын одан әрі оңтайландыруды ескере отырып, кездесуге қатысушылар елорданың мекемелері мен ұйымдары қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелігін кеңейту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігімен келісті.
Атақозы Нұрланов елорда әкіміне әлеуметтік әріптестік аясындағы елорда филиалының қызметі туралы ақпарат берді.
«Қызмет» кәсіподағының елордалық филиалы әлеуметтік әріптестік аясында ауқымды жұмыстарды атқаруда: жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттарға қол қойылды.
Астана қаласы бойынша мемлекеттік органдар мен мекемелердегі 36 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 3000-нан астам кәсіподақ мүшелері бар. Оның ішінде 519 адам – мемлекеттік қызметшілер, 2681-азаматтық қызметшілер мен түрлі ұйымдардың қызметкерлері.
Осылайша, 2022 жылы филиал өткізген іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалған шығындар 2 млн теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 10 айында көмек көрсету және іс-шараларды ұйымдастыру шығындары 2 млн 540 мың теңгені құрады.
Филиалдың атқару комитеті бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп Халықаралық әйелдер күніне, Наурыз мейрамына, Отан қорғаушылар күніне, Балаларды қорғау күніне, «Мектепке жол» республикалық акциясына, кәсіби мерекелерді мерекелеуге: мемлекеттік қызметшілер күніне, медицина қызметкерлеріне, әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлеріне және т. б. орайластырылған іс-шаралар мен акциялар өткізеді.Сонымен қатар, филиал кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелеріне курорттық емделуге жеңілдіктер береді.
Сондай-ақ, диалог барысында кәсіподақ көшбасшылары кәсіподақ қозғалысын жандандыру, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын сақтау, тиісті еңбек жағдайларын жасау және әлеуметтік әріптестік қағидаттарын бекіту, сондай-ақ ұжымдарда корпоративтік рухты нығайту мәселелерінде үшжақты ынтымақтастық үшін одан да қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Елордадағы кәсіподақ мүшелігінің өсуі Жаңа Қазақстанның реформаларын, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық сындарлы диалогты іске асыруға, кәсіподақ, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік ұйымдар арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Жиын соңында кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін Мирболат Жақыпов елорда әкімі Жеңіс Қасымбекті «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының «Кәсіподақ қайраткері» медалімен марапаттады.

