10 ҚAЗАН – КӘСІПОДАҚТАР КҮНІ
10.10.2023Достық үйінде Кәсіподақтар күніне арналған «Ұрпақтар кездесуі» атты салтанатты жиын өтті. Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, облыстық мәслихаттағы «Еңбек» депутаттық тобы мүшелері, кәсіподақ ардагерлері, облыстық салалық кәсіподақ төрағалары, кәсіподақтың белсенді мүшелері мен кәсіподақ жастары қатысты.


Кәсіподақтар қозғалысындағы ардагер аға буын мен жастар сабақтастығын насихаттау мақсатында «Ұрпақтар кездесуі» тақырыбымен аталып өткен салтанатты шара жастарға өнеге-үлгі болар кәсіподақтардың танымал тұлғаларының кәсіподақтар қозғалысындағы жемісті еңбектері мен еңбек адамының мүддесі үшін атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы бейнебаянмен басталды.


Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет шарадағы кәсіподақтарды төл мерекелерімен құттықтау сөзінде қоғамдағы кәсіподақтар қозғалысының роліне тоқталып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі және еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауда оларға артылатын міндеттердің артқандығын, мемлекет ұстанған әлеуметтік-саяси бағытпен адам игілігі үшін бірлескен жұмыстарды атқарудағы ортақ жауапкершілікті атап өтті.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев Қауіпсіз еңбек жылы болып белгіленген 2023 жылдағы өңірдегі әлеуметтік әріптестердің ынтымақтастығына, кәсіподақ белсенділеріне жұмыскерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мүдделерін ілгерілетудегі еселі еңбектеріне ризашылығын білдірді. «Бүгінде Кәсіподақтар белсенді жұмыстарын жалғастыруда, олардың еңбек ұжымдарындағы жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын білдіру мен қорғаудағы рөлін арттыру – біздің маңызды мақсатымыз» деді бірлестік төрағасы.


Құттықтау сөз алған облыстық кәсіподақтардың ардагері, алтын дәрігер Ақмырза Сыдықов аймақтағы кәсіподақтар жүйесінің дамуы тарихнамасынан сөз қозғап, жұмыс буыны мен жастарға үлкендік тілегін жеткізді. Сонымен қатар, шараға қатысушылар ұрпақтар сабақтастығы көрінісіне куә болды. Кәсіподақ ардагері ұрпақтар сабақтастығы нышанымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы туын облыстық білім саласы кәсіподағының «Келешек» Жастар кеңесі төрағасы Куандық Изкеновке салтанатты түрде тапсырды.
Кәсіподақтардың төл мерекелік басқосуында бірқатар кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне кәсіподақтар жүйесіндегі белсенді еңбектері үшін Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен салалық, өңірлік кәсіподақ бірлестіктерінің марапаттары табысталды. Оның ішінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтағы белсенді қызметі үшін» медалімен Мүгедектерге арналған оңалту орталығының заңгері, кәсіподақ ұйымының төрайымы Айжан Маханова, «Қызмет» салалық кәсіподағының «Кәсіподақ қайраткері» медалімен Жалағаш аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Жұпар Баймаханова және Полиция департаменті емханасының стоматолог-дәрігері, облыстық салалық кәсіподақтың атқару комитетінің мүшесі Ғабит Тасмағанбетов, «Қызмет» салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен Қызылорда облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бас маманы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Әлиева, Облыс әкімінің алғыс хатымен Облыстық салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Кеңес Маханбетов, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрмет грамотасымен кәсіподақ жастары Қазалы аудандық статистика бөлімінің жетекші маманы Гүлбақыт Бақбергенова, №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аяжаны Гүлжан Шамшаева, №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мейіргері Ербол Төлеген марапатталды.

