Жастар және еңбек болашағы!
07.09.2026Менің аты-жөнім — Темербекова Камила Бәкібайқызы мен «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының маманы, сондай-ақ облыстық Кәсіподақтар орталығының «Келешек» жастар кеңесінің мүшесімін.
«Жастар және еңбек болашағы» тақырыбы мен үшін аса өзекті. Себебі дәл бүгінгі жастар технологиялардың қарқынды дамуы мен еңбек нарығындағы өзгерістер жағдайында кәсіби жолын қалыптастырып, болашақ еңбек әлемінің белсенді қатысушысына айналады.
Бүгінде цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллект еңбек үдерістерін айтарлықтай өзгертіп жатыр. Жаңа мамандықтар пайда болып, күнделікті қайталанатын міндеттер автоматтандырылуда. Осыған байланысты цифрлық сауаттылыққа, кәсіби білімге және жаңа дағдыларды үнемі меңгеруге қойылатын талаптар да артып келеді.
Жасанды интеллект ақпаратты талдауға, күнделікті міндеттерді орындауға және уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен технология адамның жауапкершілігін, сыни ойлауын, шығармашылығын, қарым-қатынас жасау қабілетін және шешім қабылдау дағдыларын толық алмастыра алмайды. Сондықтан болашақ маман үшін кәсіби біліммен қатар, адами құндылықтар мен әлеуметтік жауапкершіліктің де маңызы зор.
Осындай өзгерістер жағдайында жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді араласуы ерекше маңызды деп санаймын. Кәсіподақ — қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыруға және жұмыс орнындағы өзара түсіністік пен әлеуметтік әріптестікті дамытуға ықпал ететін маңызды қоғамдық институт.
Жастар ретінде біз өз еңбек құқықтарымызды жақсы білуімізбен қатар, әріптестеріміздің де құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосуымыз керек. Кәсіподақ жұмысына белсенді қатысу арқылы жас қызметкерлердің пікірін жеткізіп, олардың бастамаларын қолдап, еңбек саласындағы өзгерістерге бейімделуіне ықпал ете аламыз.
Біздің міндетіміз — кәсіби оқытуды қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру, жастардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыруға атсалысу және жаңа технологиялар енгізілген жағдайда қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына ықпал ету.
Менің ойымша, кәсіподақтағы жастардың белсенділігі — бүгінгі еңбек ұжымдарының ғана емес, болашақ кәсіподақ қозғалысының да негізі. Жастардың жаңа идеялары мен заманауи көзқарасы кәсіподақ жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Еңбек болашағы бүгіннен бастап қалыптасады. Ал жастар оның жай ғана бір бөлігі емес, еңбек әлеміндегі өзгерістердің белсенді қатысушысы әрі өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға дайын саналы буын болуы тиіс!

