Алматы қаласы бойынша «Қызмет» кәсіподағы филиалының Атқару комитеті екінші жартыжылдықтағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады
30.07.202629 шілде күні Алматы қаласы бойынша «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі филиалының Атқару комитетінің отырысы өтті.

Отырыс барысында Атқару комитетінің мүшелері филиал қызметінің алдағы кезеңдегі негізгі бағыттарын айқындайтын төрт маңызды мәселені қарады.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында кәсіподақ мүшелерінің Бірыңғай цифрлық кабинетке тіркелу қорытындылары болды.

Аталған мәселені талқылау барысында кәсіподақ қызметін цифрландыру кәсіподақ мүшелерімен тиімді кері байланысты нығайтудың, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмыс тиімділігін арттырудың және өзара іс-қимылдың ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды құралы екені атап өтілді.

Сонымен қатар, «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқауына материалдар ұсыну мәселесі қаралды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарына еңбек адамдарын, олардың кәсіби жетістіктері мен саланың дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттайтын материалдарды дайындау жұмысын жандандыру ұсынылды.
Жеке мәселе ретінде 2027 жылы атап өтілетін «Қызмет» салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына ұсыныстар әзірлеу талқыланды. Атқару комитетінің мүшелері мерейтойлық іс-шаралардың кәсіподақ қозғалысының тарихын сақтау мен дәріптеуге, ұйымның дәстүрлері мен корпоративтік құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ кәсіподақ беделін арттыруға бағытталуы қажеттігін атап өтті.
Отырыс соңында филиалдың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары шығарылып, екінші жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспары бекітілді. Әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын нығайту, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ салалық кәсіподақтың Орталық кеңесі қабылдаған шешімдерді іске асыру алдағы кезеңнің басым міндеттері ретінде айқындалды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

