Астанада Мемлекеттік архив қызметкерлері Халықаралық архивтер күнімен құттықталды
08.06.20269 маусым күні әлем бойынша Халықаралық архивтер күні аталып өтеді. Кәсіби мерекеге орай кәсіподақтың Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әлима Бекназарова «Астана қаласының Мемлекеттік архиві» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымында болды.

Кездесу барысында Әлима Бекназарова мекеме басшысы Жангелді Бимолдинді және архив ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, архив саласының тарихи мұраны сақтаудағы және азаматтардың құжаттық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

Халықаралық архивтер күні 2007 жылы Халықаралық архивтер кеңесінің шешімімен бекітілген. Бұл күннің тарихы 1948 жылдың 9 маусымында ЮНЕСКО-ның қолдауымен Халықаралық архивтер кеңесінің құрылуымен байланысты.
Өз сөзінде ол: «Архивтердің қоғам өміріндегі рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Сіздер құжаттық мұраны сақтап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және өткен тарихты ғылыми тұрғыдан зерделеуге зор үлес қосып келесіздер. Сонымен қатар архивтер әрбір азамат үшін де аса маңызды, өйткені онда адамдардың тағдыры мен отбасы тарихына қатысты құнды мәліметтер сақталады», – деп атап өтті.
Кездесу барысында мекемедегі кәсіподақ қозғалысын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биылғы жылдың 2 наурызында Астана қаласының Мемлекеттік архивінде бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылғаны айтылды. Әлима Бекназарова филиалдың Атқару комитеті атынан қызметкерлер мен кәсіподақ комитетіне көрсеткен сенімдері үшін алғыс білдіріп, кәсіподақ мүшелерінің игілігі жолындағы өзара ынтымақтастықтың одан әрі нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында ол ұжымға зор денсаулық, амандық, кәсіби табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Іс-шараның қорытындысында ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі және елордадағы кәсіподақ қозғалысын қолдауға қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлер марапатталды.





