Еңбек қауіпсіздігі — ең алдымен адамға деген қамқорлық!
28.04.2026Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында «Ерте араласу орталығының» базасында мазмұнды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Биылғы жылдың басты ұраны — кәсіби күйіп кетудің алдын алу, бұл бүгінгі күні аса өзекті мәселелердің бірі.
Іс-шара «Эмоционалдық және кәсіби күйіп кету синдромы» тақырыбына арналды. Кездесу барысында мамандар еңбек жағдайларын талдап, шамадан тыс жүктеме мен тұрақты күйзелістің қызметкерлер денсаулығына әсері туралы пікір алмасты.

Дөңгелек үстелге өз саласының білікті мамандары спикер ретінде қатысты.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Алматы қалалық филиалының төрайымы Данагүл Айнақұлова ұжымда қолайлы психоэмоционалдық орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қызметкерлердің құқықтары мен әл-ауқатын қорғауда кәсіподақтың рөліне ерекше назар аударды.
Орталық әдіскері З. Джайляуова кәсіби күйіп кетудің табиғаты мен оның негізгі себептері туралы мазмұнды баяндама жасап, қызметкерлер арасында арнайы сауалнама жүргізді. Алынған нәтижелер еңбек жағдайларын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Педиатр дәрігер Э. Есжанова әлеуметтік сала қызметкерлері арасында кәсіби аурулардың алдын алу мәселесіне тоқталды.
Ал «Medical Equipment Leasing» компаниясының директоры Асқар Бейсекеев кәсіби күйіп кету белгілерін анықтаудың заманауи диагностикалық тәсілдері туралы ақпарат берді.
Іс-шара барысында практикалық бөлім де ұйымдастырылды. Еңбекті қорғау инженері А. Есжанов қатысушыларға жұмыс орнында тез орындалатын дене жаттығулары кешенін көрсетіп, олардың шаршауды азайтып, еңбек қауіпсіздігін арттырудағы маңызын түсіндірді.
Кездесуді қорытындылай келе, орталық директоры Н.Алимбековамен бірге кәсіби күйіп кетудің алдын алу және қызметкерлердің денсаулығын сақтау мәселелері тұрақты назарда болуы тиіс екені атап өтілді.
«Қызмет» кәсіподағы алдағы уақытта да еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қызметкерлер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.

