Жастардың белсенділігі – қоғам дамуының маңызды қозғаушы күші

Жастардың белсенділігі – қоғам дамуының маңызды қозғаушы күші

11.03.2026 Off By Администрация сайта

2026 жылдың Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Халықаралық волонтерлер жылы ретінде жариялануы қоғамда еріктілік мәдениетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және әлеуметтік қолдауды нығайтуға жаңа серпін беруде.

Осы бағытта «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының жанындағы «КЕЛЕШЕК» жастар кеңесінің мүшелері қоғамдық және әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысып келеді.
Жастар кеңесінің мүшелері еріктілік қағидаттарын негізге ала отырып, әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға қолдау көрсету, қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға атсалысу арқылы қоғамдағы өзара көмек, жанашырлық және жауапкершілік құндылықтарын насихаттауда.

Мұндай игі бастамалар жастардың азаматтық ұстанымын нығайтып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты арттыруға, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы жастардың бастамалары мен қоғамдық белсенділігін әрдайым қолдай отырып, олардың ел дамуына қосар үлесін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.


Осы орайда, «Мұғалжар ауданының Ащысай ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ бас маманы, «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «КЕЛЕШЕК» жастар кеңесінің мүшесі Самрат Асланбек Русланұлының бастамасымен Ащысай ауылының бір топ ерікті жастары ауыл қарияларының үйлеріне барып, қыс мезгілінде қалың жауған қарды тазалау, аула аумағын ретке келтіру сияқты шаруашылық жұмыстарына көмек көрсетті.
Бұл игі іс – жастардың қоғамға деген жанашырлығы мен үлкенге құрметінің, азаматтық белсенділігінің айқын көрінісі.