Мерейлі  сәт – бейнеттің  зейнетін  көріңіз!

Мерейлі сәт – бейнеттің зейнетін көріңіз!

20.02.2026 Off By Администрация сайта

Архив ісінің майталманы – Айдын Кеңесбайқызы Исатаева, еңбек жолын Қазақ химия-технологиялық институтының «инженер-технолог» мамандығы бойынша 2000 жылы бітіріп, Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивіне техник болып жұмысқа қабылданады. Білімін ары қарай жетілдіруге Мәскеу қаласындағы (ВНИИДАД) Бүкілресейлік құжаттандыру және архив ісі ғылыми-зерттеу институтында біліктілігін арттырады.

Айдын Кеңесбайқызы мұнымен шектелмей білімін үздіксіз дамытып, тынымсыз еңбегінің арқасында 2003 жылы І-дәрежелі архивист, 2004 жылы құжаттарды пайдалану және жарыққа шығару бөлімінің басшысы, 2009 жылы облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары, 2016 жылдан Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалады.

Айдын Кеңесбайқызының архив саласына қосқан еңбегі зор. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында мәдени құндылығы бар құжаттарды шет елдерінің мұрағаттарынан іздестіру және ғылыми –зерттеу жұмыстарына қатысып, Өзбекстан Республикасынан, Ресей Федерациясының Сант-Петербург, Мәскеу, Орынбор қалаларынан, Тәжікстан Республикасынан көптеген құжаттардың көшірмелерін әкелуге атсалысты.

Сондай – ақ, архивтік құжаттарды жарыққа шығару барысында көптеген кітапшалар мен жинақтарды құрастыруға өз үлесін қосты.

Архив ісін дамытуға және архив саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Архив саласының үздігі» атанды.

Кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің Салалық кәсіподағының «Үздік Әлеуметтік әріптес» медалімен марапатталды, облысқа сіңірген еңбегі үшін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Зейнеткерлікке шығарып салу, мерейлі сәтіне «Қызмет» салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Аралбекқызы Есебаева арнайы барып құттықтап сый-сыяпатын жасады.

Ендігі жерде, Құрметті әріптесімізді зейнет жасымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, бейнетінің зейнетін көрсін демекпіз.