Ақтөбеде жастар саясатын дамытуға бағытталған стратегиялық меморандумға қол қойылды

Ақтөбеде жастар саясатын дамытуға бағытталған стратегиялық меморандумға қол қойылды

10.02.2026 Off By Администрация сайта

«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының жанындағы «КЕЛЕШЕК» жастар кеңесінің мүшелері «Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы Тұралиев Әлімбек Жәнібекұлымен кездесті. Кездесу еркін форматта өтті. Жастар өздерін толғандырып журген сұрақтарына тұшымды жауап алып, басқарма басшысына жастар саясатына қатысты ұсыныстарын жеткізді.


Кездесу барысында «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Сағындықова Мухтарита Муханбетқалиқызы мен «Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы Тұралиев Әлімбек Жәнібекұлымен арасында 2026–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Меморандумның мақсаты – «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе ОФ құрамындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, патриоттық сананы қалыптастыру, мемлекеттік бағдарламаларды бірлесіп іске асыру және жастар саясаты саласындағы өзара тиімді әріптестікті дамыту.

Құжат шеңберінде тараптар:

  • жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға,
  • кәсіби даму алаңдарын ұйымдастыруға,
  • цифрлық құзыреттерді дамытуға,
  • жастар кәсіпкерлігін қолдауға,
  • еріктілік және әлеуметтік жобаларды іске асыруға,
  • әлеуметтік осал санаттағы жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге уағдаласты.
    Аталған ынтымақтастық өңір жастарын қолдау мен олардың әлеуетін дамытуға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам болып табылады.