«Жұмысшы мамандықтары жылы» қорытындыланып, үздіктер марапатталды
17.12.2025Жоспарға сәйкес, «Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов және Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Мықтыбеков «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы – Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшыларымен кездесті.
Кездесу барысында мекеме басшысы Тимур Нарымбетов пен кәсіподақ төрағасы Марат Тулеев жұмыс орнындағы жағдайларымен, жұмыстарында пайдалану үшін жаңадан алынған техникаларымен, құрал-жабдықтарымен, жұмысшылардың жұмыс орнындағы әлеуметтік жағдайларымен таныстырды.
Аудан әкімі мен филиал төрағасы мекеме басшылығына және кәсіподақ ұйымына жұмысшылардың жұмыс орнындағы әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытындағы ұсыныстары мен тиісті тапсырмаларын беріп, қыс мезгілі кезінде еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Мекемеге қалалық жайлы ортаны қалыптастыруы үшін жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар алынып, жұмысшылар саны сәйкесінше артып отыр.
Олардың барлығы кәсіподақ мүшелігіне кірген.
Мекеме басшылығы мен кәсіподақ арасында жасалған және еңбек инспекциясынан тіркеуден өткен ұжымдық шарты бар.
Осы құжаттың негізінде жұмысшылардың еңбек құқын қорғау және олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жұмыстары жүйелі жолға қойылған.
Кездесу қорытындысымен өткен жиында филиалдың төрағасы Серік Елемесұлы, аудан әкімі Маратбек Саменбекұлы және мекеменің басшысы Тимур Шәкірұлы мекеме қызметкерлері мен жұмысшыларын «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтап, «Жұмысшы мамандықтары жылын» қорытындылап, «үздік» деп танылған жұмысшыларға «Еңбек озаты» төсбелгілерін, «Құрмет грамоталарын» және «Алғыс хаттарын» табыстады.

