Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты іс-шара «Болашақ» бастауыш кәсіподақ ұйымында өтті

Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты іс-шара «Болашақ» бастауыш кәсіподақ ұйымында өтті

10.10.2025 Off By Администрация сайта

10 қазан күні Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі Әкімшілігінің Әкімшілік ғимараттар дирекциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорны жанындағы «Болашақ» бастауыш кәсіподақ ұйымында Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шарада кәсіпорын басшысы Мұслимов Талғат Өскенұлы құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды Кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде кәсіподақтардың қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы, әлеуметтік әріптестікті нығайтудағы және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, Кәсіподақтар күні – тек мереке ғана емес, сонымен бірге ұжым мен қоғам өміріне еңбеккерлердің белсенді қатысуының, бірлік пен ынтымақтастықтың маңыздылығын еске салатын күн екенін айтты.

Сондай-ақ, салтанатты шарада «Қызмет» салалық кәсіподағының елорда филиалы төрағасының орынбасары Әлима Бекназарова сөз сөйледі. Ол өз сөзінде 10 қазан — кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен ынтымағын білдіретін ерекше күн екенін, ал биыл бұл күн еліміз үшін маңызды екі оқиғамен тұспа-тұс келгенін атап өтті: Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысына — 120 жыл, ал Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына — 35 жыл толып отыр.

Әлима Дулатқызы кәсіподақ қозғалысының қалыптасу тарихына тоқталып, «Қызмет» кәсіподағының 102 мыңнан астам мүшесі бар екенін, ал елорда филиалында — 3 мыңнан астам адам бар екенін айтты. 2022 жылы осы мекемеде құрылған «Болашақ» бастауыш кәсіподақ ұйымы бүгінде 500-ден астам мүшені біріктіріп отыр, бұл елордадағы кәсіподақ қозғалысының даму көрсеткіші екенін атап өтті.

Ол кәсіподақтың күнделікті жұмысы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға, ұжымдық келіссөздерге қатысуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыруға бағытталғанын жеткізді.

Сөзінің соңында Әлима Бекназарова кәсіподақ жұмысына қолдау көрсеткені үшін кәсіпорын басшылығына және барлық кәсіподақ мүшелеріне алғысын білдіріп, баршаға денсаулық, тұрақтылық және жаңа табыстар тіледі.

Сондай-ақ, «Болашақ» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрат Нұрланов атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, ұйымның қызметі, іске асырылған бастамалар мен қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар туралы айтып берді. Ол кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі мен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

Іс-шара барысында кәсіподақ қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосқан, кәсіби біліктілігі мен белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мен кәсіподақ белсенділеріне марапаттар табысталды.

Сондай-ақ, салалық кәсіподақтың Астана қалалық филиалы атқару комитетінің атынан Қазақстан Республикасы шипажайларында демалу үшін 20% жеңілдік беретін сертификаттар табысталды.