Қарттарым – есен, сау жүрші!

Қарттарым – есен, сау жүрші!

03.10.2025 Off By Администрация сайта

«1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» орай, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де қызмет алушы қарияларға ерекше құрмет көрсетілді.
Аталған орталықта I және II топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ жасы ұлғайып, өз-өзіне күтім жасай алмайтын 70 адамға қызмет көрсетілуде, оның ішінде 56 қызмет алушы зейнет жасындағы азаматтар.
Оларға арнап Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы» сарайында мерекелік іс-шара ұйымдастырып, аға буын өкілдерін ерекше қуанышқа бөледі.
Мерекелік кештің сәнін келтірген – «Шымкент мәдениет үйінің» өнерпаздары. Олар әсем ән мен тәтті күй, тағылымды әрі күлкіге толы қойылымдар арқылы жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, «Опера және балет театрының» жезтаңдай әншілері мен «Әзіл-сықақ және сатира театрының» әртістері кештің шырайын аша түсті.
Іс-шара барысында әлеуметтік саланың департамент, басқарма басшылары, қалалық маслихаттың депутаты мен «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әуесханов Серік Елемесұлы және мекеменің басшысы Нұржанова Винера Шыңғысқызы орталықтың қамқорлығындағы қарттарды және оларға қызмет көрсетуші мекеменің қызметкерлерін «1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен» құттықтап, белсенділігімен ерекшеленген қариялар мен кәсіподақ мүшелеріне «Алғыс хаттар», «Құрмет грамоталары» және «Еңбек озаты» төсбелгілерін табыстады.
Сонымен бірге, демеушілер тарапынан орталықтағы қарияларға сый-сияпат үлестірілді.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар, қариясы бар үйдің дариясы бар» демекші, қашанда қарттарымыз бен қарияларымыз, алдыңғы буын аталарымыз бен апаларымыз аман-есен, сау жүрсін деп тілейміз!