Елорданың әлеуметтік сала қызметкерлері Наурыз мейрамын атап өтуде!

Елорданың әлеуметтік сала қызметкерлері Наурыз мейрамын атап өтуде!

19.03.2025 Off By Администрация сайта

18 наурызда Қазақстанда Наурызнама аясында Ұлттық киім күні атап өтіледі. Бұл күн дәстүрлі қазақ киімінің бірегейлігі мен тарихи маңыздылығын насихаттауға арналған. Ұлттық киім күні түрлі іс-шаралар мен байқаулар арқылы заманауи шығармашылық көзқарасты, стиль мен дәстүрді ұштастыратын мереке ретінде тойланады.

Аталған мереке аясында «Қызмет» елордалық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымдары бірнеше шаралар ұйымдастырды. Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында Наурыз мейрамына арналған арнайы мерекелік іс-шара өтті. Басқарма қызметкерлері бұл мерекеге ерекше дайындалып, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары үшін табиғат пен жаңа жылдың жаңаруын бейнелейтін Наурыздың маңызын айқындады.

Наурызды атап өту барысында 5 команда қазақ халқының салт-дәстүрлерін сахналық қойылымдар арқылы көрсетті. Әлеуметтік сала қызметкерлері өздерінің шығармашылық таланттарын паш етіп, кәсіби біліктіліктерімен қатар, адамгершілік қасиеттерін де таныта білді. Әлеуметтік салада қызмет ету тек білім мен тәжірибені ғана емес, сондай-ақ мейірімділік, эмпатия және адамдармен жұмыс істей білу қабілетін талап ететінін бұл шара тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мерекелік кеш барысында басқарманың қызметкерлері қазақ халқының дәстүрлерін сахналады. Олар «Атастыру», «Құда түсу, Сырға салу», «Беташар», «Қырқынан шығару, Бесікке бөлеу», «Тұсау кесер» сынды ұлттық салт-дәстүрлерді көрнекі түрде көрсетті.

Іс-шара соңында қасиетті Рамазан айының басталуына орай ауызашар ұйымдастырылды. Айта кету керек, биылғы 1 наурыз – Исламның бес парызының бірі саналатын Оразаның басталуымен ерекшеленді.

Мереке аясында басқарманың кәсіподақ ұйымы барлық бөлімдерге естелік сыйлықтар – шай сервиздерін тарту етті. Бұл шара қызметкерлердің ұйымшылдығын арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін одан әрі нығайтты.