Үздік қызметтегі арулар анықталды

Үздік қызметтегі арулар анықталды

11.03.2025 Off By Администрация сайта

«Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай кәсіподақ мүшелері арасында «Қызметтегі арулар» атты бейнеролик конкурсы ұйымдастырылды.
Конкурстың мақсаты кәсіподақ мүшесінің қызмет бабы мен отбасы құндылықтарын қатар алып жүргендігін насихаттау, сонымен қатар сұлулық, нәзіктік сияқты әйелдерге ғана тән қасиеттерді де ұмытпайтындығын көрсету болды. Биылғы жылдың ерекшелігі «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай жеңімпаздарды анықтау барысында өндірісте, ауыр қызметте жүрген аруларға басымдылық берілді.

Конкурсқа облыс бойынша 13 жұмыс түсіп, комиссия қарауына ұсынылды. Барлық жұмыстар өте сапалы әзірленген, қатысушылар әйелдердің қызмет пен отбасын қатар алып жүруін барынша шынайы көрсеткен.
Әсіресе комиссия мүшелерін ауылдық жерде үй шаруасымен айналысатын, соның ішінде сиыр сауып, қар тазалап, мал жайғап жүрген, көлік айдайтын, отбасылық кәсіппен айналысып жүрген кәсіподақ мүшелерінің жұмыстары ерекше таң қалдырды.
Комиссия шешімімен 1-ші жүлделі орынды «Алға-жылу» КМК машинисті Жайлханова Индира Орынбасарқызы, 2-ші жүлделі орынды №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының еңбек нұсқаушысы Бакитжанова Ақару Мергенбайқызы, 3-ші жүлделі орынды Ырғыз аудандық «Мансап» орталығының ассистенті Саудабаева Нұргүл Болатбекқызы ұтып алды.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қалған қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар табысталды.