«Демеу» әлеуметтік қызмет орталығына – 60 жыл
06.12.2024«Қызмет» Салалық кәсіподағы Алматы қаласы бойынша филиалының ең үлкен ұйымдарының бірі – «Демеу» әлеуметтік қызмет орталығының 60 жылдығы аталып өтілді. Бұл орталық 1964 жылы құрылған және психоневрологиялық аурулары бар адамдарға, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге стационарлық көмек көрсетуге арналған.
Орталық қалада ғана емес, жалпы Қазақстанда осындай әлеуметтік қызметтер көрсететін алғашқы мекемелердің бірі болып табылады. Бастапқыда «Демеу» Қарттар үйі ретінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларына арналып ашылды. Алайда уақыт өте келе орталық өзінің қызмет көрсету аясын кеңейтіп, 1974 жылы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне айналды. 2002 жылдан бастап орталық психоневрологиялық аурулары бар адамдарға мамандандырылған әлеуметтік көмек көрсетуге басымдық берді. Осы өзгерістер орталықтың дамуына және қазіргі таңда 700-ден астам адамға кешенді әлеуметтік қызмет көрсету дәстүрін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«Демеу» орталығының негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауға, медициналық көмекке, психологиялық және тұрмыстық көмектерге зәру азаматтарға жан-жақты қамқорлық көрсету. Орталықтың қызметкерлері, оның ішінде медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлер, үнемі біліктіліктерін арттырып, шетелдерде білімдерін толықтырады, жаңа әдіс-тәсілдермен танысып, заманауи қажеттіліктерге сәйкес қызмет көрсету сапасын жетілдіруде. Бүгінде орталықта 704 адам тұрады, олардың 389-ы ер адамдар, 315-і әйелдер, ал 202-сі зейнет жасындағы азаматтар. Орталық қызмет көрсететін адамдар арасында психоневрологиялық аурулары бар азаматтар, сондай-ақ қарттар мен мүгедектер бар. «Демеу» орталығы әлеуметтік қызметтер көрсетуде жоғары стандарттар мен сапаны сақтай отырып, еліміздегі осындай мекемелердің көшбасшысына айналды.
«Демеу» әлеуметтік қызмет орталығының 354 қызметкері бастауыш кәсіподақ мүшесі. Мереке қарсаңында арнайы ұйымдастырылған концерттік шараға «Қызмет» Салалық кәсіподағы Алматы қаласы бойынша филиалының төрайымы Данагүл Мұхамедкерімқызы арнайы келіп, осы ұжымда отыз жылдан аса еңбек өтілімі бар қызметкерлерге Салалық кәсіподақтың жоғарғы марапаттарын табыс етті. Нақтырақ айтсақ, орталықтың әлеуметтік тұрғын үй меңгерушісі Дарменова Баян Жәнібекқызы – Салалық кәсіподақтың «Әлеуметтік саланың үздігі» меделі, орталықтың жауапты мейірбикесі Халықова Гулбаран Маханқызы – Салалық кәсіподақтың «Өз ісінің маманы» меделі табысталды. Сонымен қатар, орталықтың психиатр дәрігері Беккулова Қарлығаш Зайкеновна мен орталық экономисті Малиева Серікхан Блисбековна «Кәсіподақ қайтраткері» Салалық кәсіподақ медаліне ие болды.
Қорытындылай келе, «Демеу» әлеуметтік қызмет орталығының 60 жылдық мерейтойы – еліміздегі әлеуметтік қызметтер жүйесінің дамуында маңызды белес болып табылады. Осы жылдар ішінде орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсетіп, қоғамның мұқтаж топтарына арнаулы көмек көрсету ісінде үлкен жетістіктерге жетті. Әсіресе психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға көрсетілетін қызметтер орталықтың басты бағытына айналып, елдегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде өзіндік орны бар мекемеге айналдырды. Бұл мерейтой тек қана «Демеу» орталығының жетістіктерін атап өту емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстандағы әлеуметтік қызмет көрсетудің маңыздылығын, оның қоғамдағы рөлін тағы да бір рет таныту болып табылады. Орталықтың 60 жылдық тарихы – адамгершілік пен қайырымдылықтың, қамқорлық пен әлеуметтік жауапкершіліктің символы, әрі алдағы уақытта да осы жолды жалғастырып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету ісінде жаңа жетістіктерге жететініне сеніміміз мол!