Отбасындағы бейбітшілік – қоғамдағы бейбітшілік!
03.12.2024Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 шілдеде ратификацияланған еліміздің аумағында әйелдерге қатысты әртүрлі дискриминация түрлерін жою туралы конвенцияға сәйкес жыл сайын өтетін «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн белсенділік!» акциясы Төлеби ауданында аталып өтілуде.
Осы орайда, акцияның алғашқы күнінде Түркістан облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының тапсырмасына сәйкес «Отбасындағы бейбітшілік – қоғамдағы бейбітшілік!» тақырыбында аудандық полиция бөлімі, аудандық білім бөлімі, аудандық аурухана, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық ішкі саясат бөлімі және қоғамдық бірлестіктердің бірлесе ұйымдастыруымен ауданның зейнеткерлері, аудандық аналар кеңесі мүшелерінің және мекеме қызметкерлерінің, жастардың қатысуымен кездесу өткізілді.
Кездесуді Төлеби аудан әкімінің орынбасары С.Дүйсебаев ашып, Қазақстан Республикасы заңдарымен кепілдік беретін әйелдердің конституциялық құқықтары және отбасында кездесіп тұратын әйелдер мен балалар мәселелерін реттейтін заңдылықтардың бұзылуына жол бермеуге, қоғамдық өнегелігі мен тұрмыс қажеттілігіне байланысты құқықтық актілердің мөлшерінің талаптарын түсіндіру, ақпараттық-насихаттау, Отбасы салтының құндылықтарын дәріптеу және халықтың имандылық мәдениетін жаңарту, жастарға үлгі-өнеге көрсету, оларға дұрыс бағыт-бағдар, тәрбиелік мәні бар кеңестер берілу керектігі жайында айтып өтті.
Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына Төлеби ауданы атынан қатысып, марапатталған Гүлбазар апайымызға сөз беріліп, отбасы жайлы ақпарат айтып бейнеролик көрсетіп әрбір отбасының берекесі үйлесімділікте екенін айтты. Алдағы күндері жалғасын табатын бұл акцияда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тегін құқықтық, психологиялық көмек көрсету, ауыл-аймақтардағы жастар мен әйелдерді цифрлық білім алу, гендерелік теңдік мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер өткізу жоспарланып отыр. 16 күн бойы жалғасатын акцияның негізгі мақсаты: тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын ала отырып, отбасылық құндылықты бағалауды көздейді. Қазіргі қоғамдағы мәселенің бірі әйел адамдардың құқығының бұзылуы, қоғамда отбасының рөлін нығайту, зорлық-зомбылықтың жолын кесу, зорлық – зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке-профилактикалық жұмысты жүзеге асыру.
Кездесу соңында мың бұралған бишілер мен әншілер өз өнерлерін көрсетіп, жиналған жұртшылыққа тамаша көңіл күй сыйлады.