Үздіктер марапатталды
15.11.2024«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының кезекті ХХХІІ конференциясында филиалмен тығыз байланыс орнатып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына, әлеуметтік қамтамасыз етілуіне бірлесе атсалысып жүрген бір топ әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ ардагерлері мен үздік кәсіподақ мүшелері марапатталды.
Осылайша, өңірдегі кәсіподақ қозғалысының дамуына қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Асхат Шахаров «Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық комитетінің «Үздік әлеуметтік әріптес» медалімен марапатталды. Облыс басшысының іс-сапарда болуына орай медаль конференция жұмысына қатысқан Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешовке ресми табысталды.
Бұдан өзге, «Әлеуметтік саланың үздігі» медалімен Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова, «Еңбек және кәсіподақ ардагері» медалімен Қарғалы аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райхан Рахимова, «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен мемлекеттік қызмет және кәсіподақ ардагері Қыдырғали Жақасов марапатталды.
Марапаттарды табыстаған «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов марапатталушыларды шын жүректен құттықтап, қызметтеріне табыс тілеп, алғысын білдірді.