Облыстық филиал төрағасы сайланды

Облыстық филиал төрағасы сайланды

15.11.2024 Off By Администрация сайта

«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының кезекті ХХХІІ конференциясында облыстық филиал төрағасына сайлау өтті.
Конференция жұмысына арнайы қатысқан «Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық комитетінің төрағасы Мирболат Жақыпов бұған дейін облыстық филиал төрайымы болған Мұхтарита Сағындықованың соңғы бес жылда атқарған жұмысына оң пікір білдіріп, жоғары баға берді және конференция делегаттарына оның кандидатурасын облыстық филиал төрағалығының келесі кезеңіне қайта ұсынды.


Ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, конференция қаулысымен Мұхтарита Мұқанбетқалиқызы Сағындықова 2024-2028 жылдарға облыстық филиал төрайымы болып қайта сайланды.
Мұхтарита Мұқанбетқалиқызы 1970 жылы 13 маусымда Шалқар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1990 жылы Шалқар аудандық байланыс торабының №740 байланыс бөлімшесінің бастығы ретінде бастаған. Түрлі жылдары Ақтөбе қалалық халықты әлеуметтік қорғау басқармасының 1 дәрежелі маманы, Халық банкінің Ақтөбе облыстық филиалы бас маманы қызметтерін атқарған.
«Қызмет» салалық кәсіподағындағы еңбек жолын 2002 жылы облыстық филиалдың бухгалтері ретінде бастап, 2005 жылы бас бухгалтер, 2009 жылы төрағаның орынбасары болып тағайындалған. 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық филиал төрайымы. Жалпы еңбек өтілі 34 жылды құрайды.

Қызмет еткен жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ұсынылған, соның ішінде «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісі (2016), «Кәсіподақ қайраткері» (2019), «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерейтойлық медалі (2020), «Халық алғысы» медалі (2020), Ерен еңбегі үшін» медалі (2020), «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (2024), бірнеше рет халықаралық ұйымдар марапаттарымен, Президенттің құрмет грамотасымен, облыс және қала басшылығының алғыс хаттарымен марапатталған.
Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығы жанындағы еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы, Ақтөбе облысының қоғамдық кеңесінің, Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «Аманат» партиясы жанындағы тұрақты комиссиялар және басқа да облыстық, қалалық комиссиялар мүшесі болып табылады.
Өзінен және қарамағындағылардан жоғары жауапкершілікті талап етеді, өз ісіне ерекше мұқият, айрықша ұйымдастырушылық дағдыға ие. Төрайымдық еткен жылдары облыстық филиалдың беделі артып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне етене араласып, белгілі бір абыройға ие болды және мүшелер саны артты, мысалы 2019 жылы облыстық филиалда 5300 мүще болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6 мыңнан асты.
Орталық комитет төрағасы Мирболат Жақыпов қайта сайланған төрайымды құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі.