Облыстық филиалдың кезекті конференциясы өтті
15.11.2024
«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының кезекті ХХХІІ конференциясы өтті.
Конференция жұмысына «Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық комитетінің төрағасы Мирболат Жақыпов, төрағаның орынбасары Атақозы Нұрланов, Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев және кәсіподақ ардагерлері, әлеуметтік әріптестер мен делегаттар қатысты.
Конференция жұмысына аудандық кәсіподақ комитеттері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары ұсынған делегаттар, «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері, барлығы 94 адам қатысып, жоғары белсенділік танытты. Жалпы бүгінгі күні облыстық филиал құрамында 12 аудандық кәсіподақ комитеті, 311 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 6 мыңнан астам мүше бар.
Конференцияда облыстық филиалдың 2019-2024 жылдары атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды, облыстық филиал төрайымы Мұхтарита Сағындықова филиалдың жетістіктерімен бөлісті, сонымен қатар проблемалық сұрақтарды да көтеріп, алдағы жоспарларды да делегаттар назарына ұсынды.
Сонымен қатар, конференцияда облыстық филиалдың ревизиялық комиссиясының және «Келешек» жастар кеңесінің баяндамалары тыңдалды.
Жарыссөзге қатысқан делегаттар облыстық филиалдың бес жылда атқарған жұмысына оң пікірлерін жеткізіп, атқарған жұмыстардың нәтижелілігіне қанағаттанатындықтарын білдіріп, конференция қаулысымен облыстық филиал жұмысы «қанағаттанарлық» деп бекітілді.
Конференция барысында жаңа ревизиялық комиссия құрамы, облыстық комитет құрамы, «Келешек» жастар кеңесінің құрамы, президиум құрамы, республикалық кәсіподақ съездіне делегаттар тізімі жасақталды. Облыстық конференцияның маңызды сұрақтарының бірі «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы лауазымына кандидатура ұсыну болатын, қазіргі төраға Мирболат Хабиұлының 2019 жылдан бері нәтижелі атқарған жұмысы аталып өтіліп, бірауыздан оның кандидатурасы қайта ұсынылды.
Конференция жұмысы кәсіподақ ардагерлерін және әлеуметтік әріптестерді марапаттаумен аяқталды.