Мотивациялық кездесу өтті
15.11.2024«Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов Ақтөбе өңіріне іс-сапар барысында мемлекеттік қызметшілермен мотивациялық кездесу өткізді. Кездесу ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы базасында өтті.
Кездесуге академияда біліктіліктерін арттырып жатқан басшылық лауазымдарға жаңадан тағайындалған мамандар қатысты. Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар тәжірибесі бар, Президент Әкімшілігінде басшылық лауазымдарды атқарған, Елбасымен үзеңгелес болған Мирболат Хабиұлының қызықты әңгімелері, тәжірибесі қатысушыларға үлкен әсер сыйлады.
Қазіргі таңда да ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің комитетінің төрағасы болып табылатын Мирболат Жақыпов мемлекеттік қызметтің дамуына әлі де болса үлес қосып жүрген тұлға.
Мирболат Хабиұлы «Қызмет» салалық кәсіподағы соңғы кезеңде мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу мәселесінен де тыс қалмағандығын, Президент Әкімшілігі мен Үкіметке ресми үндеу жолдағандығын жеткізді және бұл үндеу ескерусіз қалмай, Президенттің өзі осы мәселеге ден қойып, оң шешілгендігі белгілі.
Жас басшылар көкейінде жүрген басқа да мәселелермен жоғары лауазымды қонақпен бөлісіп, таба алмай жүрген сұрақтарына жауаптарын алды. Кездесу жоспарланған уақыттан да артық мөлшерде өткендігі кездесудің әсерлі өткендігінің белгісі болды.