Еңбек адамдарымен кездесу өтті
07.10.20244 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы аясында еңбек адамдарының өнегелі еңбек жолын насихаттау барысында «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» атты кездесу кеші «Қызмет» Мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Қызылорда облыстық салалық кәсіподағы мен А.С.Пушкин атындағы қалалық орталық кітапханамен бірлесе ұйымдастырылумен өтті. Бұл шараның мақсаты өз ісінің шебер мамандарын, еліміздің даму жолында адал еңбек етіп, табысты еңбек жолымен өнеге бола білген еңбек адамдарын көпке үлгі ету, құрметтеу, еңбегін насихаттау болды.
Бүгінгі кешіміздің тақырыбы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады.
Сондай табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз қосып жүрген еңбек адамдары Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Адам ресурстары басқармасы қызметтік тергеу бөлімінің бас маманы Мұхан Қожанбай және департаментінің Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова кештің арнайы шақырылған қонағы болды. Сонымен бірге кездесу кешіне «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева, кітапхана меңгерушісі Римма Кенжеева, кітапханашылар, №140 орта мектептің оқушылары, Сейхун атындағы жоғары колледж студенттері, ұстаздары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Кәсіподақ төрайымы Сәуле Сахиқызы Мемлекеттік кірістер органдарының қызметі маңызды мемлекеттік құрылымдардың бірі болып табылатынын, елдің қаржылық ахуалының тұрақтылығы ең алдымен осы саланың жемісті қызмет етуімен өлшенетінін айта отырып, еңбек адамдарының мүддесі мен құқығын қорғайтын заңды әрі тәуелсіз өкілі – кәсіподақ ұйымы екенін, елімізде салалық кәсіподақтарды біріктіретін республикалық бірлестік ҚР Кәсіподақтар Федерациясы биылғы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялағанын, оның құрамында 2 млн. жуық еңбек адамдары кәсіподақтың мүшесі екенін атап өтті.
Кеден ісінде ұзақ жылдар еңбек етіп өз үлесін қосып, өзінің қызметімен, еңбегімен танылған еңбек адамы Мұхан Байділдаұлы 2014 жылы салық, кедендік бақылау және экономикалық қылмыстармен күресу бақытын біріктірген жаңа құрылым – Мемлекеттік кірістер комитеті болып құрылғанын, кеден ісі, маңыздылығы туралы айта келе жас буынға қателеспей өз қалауымен мамандық таңдап, сол істің іскер маманы болуды, ол үшін алдымен білім қажеттілігін баса айтты.
Салық – еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуінің тұрақты кепілі. Бұл бағытта, яғни салық базасын қалыптастыруда, ұлғайтуда атқарылатын жұмыстың ауқымы мен жауапкершілігі зор. Осы орайда 27 жылдан аса салық саласында адал еңбегімен өнегеліктің нышаны бола білген еңбек адамы Гүлсара Қарымсақова жастарға қарапайым түсінікті тілмен салық саласының маңыздылығын, атқаратын рөлін, осы саладығы алғашқы еңбек жолдарын айта отырып, қазіргі таңда елімізде жастарға қандай саланы таңдаймын десе де білімін жетілдіруге, кәсібін ашып кәсіпкер болуға барлық жағдайдың жасалғанын жеткізді.
Кездесу кешіне қатысқан жастар мен жас оқырмандардың «Осы салаға қалай келдіңіз, еңбек жолыңыз қалай басталды, кездейсоқ па әлде алдыға қойған мақсат па? Өлкеміздегі ашылған завод, шағын өндірістердің болашағы бар ма? Сіз қандай кітап оқисыз және қандай жанрда оқығанды ұнатасыз?» т.б. қойған сұрақтарына кеш қонақтары жауап берді.
Шара соңын қорытындылай келе кештің қонақтарына, яғни жемісті еңбегімен, тындырымды істерімен және қарапайым да парасатты мінездерімен үлкен абырой-беделге ие болған еңбек адамдарына кәсіподақ және кітапхана тарапынан арнайы сыйлықтары табысталды.
Осы тұста айта өтер жайт, «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының құрамындағы үлкен бастауыш кәсіподақ ұйымы – Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бастауыш кәсіподақ ұйымы атынан төрайымы Гүлсара Рашидқызы 2023 жылы ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Халық бюджеті» байқауына «Релаксация бөлмесі» жобасымен қатысып, салалық кәсіподақтың ынталандыру сыйлығына ие болған еді.