Шымкентте кәсіподақ активіне арналған оқыту-семинары өтті
07.06.20246 маусым күні «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Әл-Фараби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар мекемелердің қызметкерлерімен оқыту семинары өткізілді.
Семинарды «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Құрманбек Жарқымбек Айдарбекұлы ашып, семинардың лекторы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулының мүшесі Майра Қадірбекқызы Боранбаевамен таныстырды.
Әрі қарай, Майра Қадірбекқызы семинардың негізгі тақырыбы: «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі. Еңбек дауларын алдын алу және шешу бойынша келіссөздер жүргізу. Келісу комиссиясы жұмысын ұйымдастыру.» туралы қазақ тілінде керемет баяндап, қарапайым тілмен түсіндіріп, ситуациялық жағдайлармен мысалдар келтіре отырып, семинар қатысушыларының сұрақтарына тұщымды жауаптар беріп, көптің көкейінен шыққан көңілді семинар өтті.
Шындығында қашықтықтан өткен семинардан гөрі, тікелей бетпе-бет жүздесіп өткізілген семинар ұтымды болды. Осындай семинарды сағынып та қалыппыз.
Міне, осы жөнінде семинардың соңында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов барлық салалық кәсіподақтардан келген семинар қатысушыларының атынан семинардың лекторы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулының мүшесі Майра Қадірбекқызы Боранбаеваға дәрісті өте жоғары деңгейде өткізгені үшін шынайы алғысын айтты.
Семинар қорытындысымен оқыту семинарының қатысушыларына арнайы сертификаттар табысталды.
Осылайша, семинар қатысушылары қысқа мерзім ішінде жоғары оқу орнының заңгер мамандығын өте жақсы бітіргендей көңіл күйде тарасты.
Енді, әрбір семинарға қатысқан кәсіподақ белсенділеріне – ол білімді іс жүзіне асыруларына сәттілік тілейміз!