Облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті
22.05.2024Алматы облысы, Қонаев қаласында және Жетісу облысы, Талдықорған қаласында облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтіп, «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «PARYZ» Қазақстан Республикасының Жұмыс берушілердің Ұлттық конфедерациясы», облыстық әкімдіктер арасында 2024-2026 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылды.
Отырыста аудандық үшжақты комиссияның бір тарабы ретінде «ҚЫЗМЕТ» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша филиалы бекітілді.
Ағымдағы жылдың 21 мамыр күні Жетісу облысы, Панфилов ауданында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Панфилов ауданының әкімдігі, «ҚЫЗМЕТ» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша филиалы, «ҚОРҒАС» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жеке кәсіпкерлер қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалардың бірлестігі арасында 2024-2026 жылдарға арналған аудандық келісімге қол қойылды. Аудандық үшжақты комиссияның отырысына қала, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, үш жақты комиссия мүшелері, аудандық кәсіподақтар бірлестігінің төрағалары қатысты.
Отырыс барысында мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен техникалық персоналға жататын қызметкерлерге бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы беру жөніндегі бюджеттік сала ұйымдарының ұжымдық шартына норманы енгізу мүмкіндігін қарастыру, тағы да басқа аудандық келісімді іске асырудың мәселелері талқыланды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар басқа аудан, қалаларда да жалғасын табады.