
Тарихы терең Түркістанға саяхат
21.05.2024Тарихы терең, талай сырды ішіне бүккен киелі және тарихи-мәдени орындарды аралау мақсатында «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалы кәсіподақ мүшелеріне тарихи саяхат ұйымдастырды.

Саяхат Түркістан облысы Бәйдібек би ауданындағы «Ақмешіт» үңгірінен басталды, ел аузында киелі аталып кеткен үңгір 250 метр биіктікте таудың сілемінде, Шымкент қаласынан 90 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Өлке тұрғындары бұл жерді көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге толы тарихи қастерлі орын ретінде құрметтейді. Сондықтан да бұл нысан соңғы жылдары жалпыұлттық мәртебеге ие қасиетті орындар қатарына ілінген.

Үңгірдің іші қашанда қоңыр салқын райынан еш өзгермейді. Жазда даланы 40 градус аптап ыстық күйдірсе, үңгір ішінде 17-19 градус шамасында ғана жайлы леп тербеп тұрады. Үңгір төбесінен ауық-ауық созыла үзіліп мөлдір тамшылар құлайды. Осы су тамшылары үңгір ішіндегі ғажайып өсімдіктерге нәр береді.

Келесі бағыт Түркістан облысының қасиетті орындарының бірі – Отырар ауданының Шәуілдер ауылындағы Арыстан баб кесенесінде болып, ондағы кешен жұмысымен танысып, бейіт басында ата-баба рухына арналған құран оқып, зиярат жасап қайтты.

Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші.
Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында салынған. Мазар 14 ғасырда қайта жөнделген.

Саяхатшылар Орталық Азияның ең ежелгі қалаларының бірі, ең атақты философ Әбу Насыр Әл-Фараби туып-өскен Отырарға, ашық аспан астында орналасқан үлкен мұражай – «Отырар қалашығы» тарихи кешенінін аралап, тереңде жатқан тарихымызбен танысты.


Келесі бағытымыз Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде орналасқан Гауhар ана кесенесі (ХІІ-ХІV ғғ.) еді. Гауһар ана – ұлы ақын, ойшыл-философ Қожа Ахмет Ясауидің туған қызы. Аңыз әңгімелерге сенсек, Гауһар ана ақылына көркі сай, ізгі ниетті жан болған. Емшілік қасиеті бар адам болған көрінеді. Өмірде баласы болмаса да, оның қолынан емделген жандар шипагерлік қасиетінен әулие ана атап кеткен екен. Әкесі Қожа Ахмет Яссауи «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі.
Кәсіподақ мүшелері Гауһар ана жерленген аймақтағы шипалы құдықтан суын ішіп, дұға жасады.
Гаухар ана кесенесінен кейін Түркістан қаласына ат басын бұрып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, жер асты мешітін және «Керуен сарай» кешенін аралады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы аумағында тұр. Мыңдаған құнды тарихи жәдігерлер сақталатын мұражай аумағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бөлек, Есім ханның бейіті, Рабиға Сұлтан Бегім күмбезі, «Қылует» жерасты медресесі, Жұма мешіті мен Түркістан моншасы орналасқан. Бұл мұражай қорымда Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай сияқты қазақтың 20-дан астам ханы, Қазыбек, Шоң, Әнет, Қанай, Қараменді сияқты билері, Шақшақ Жәнбек, Қанжығалы Бөгенбай, Қойгелді тәрізді 50-ден астам батыры жатыр.

Саяхаттан рухани күш-қуат алып, ерекше әсер алған кәсіподақ мүшелері өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Осындай турлар басқа да тарихи, рухани мекендер бойынша жалғасын таба берсе екен деген тілектерін білдірді.
Барлығы 70 кәсіподақ мүшелеріне рухани-танымдық демалыс ұйымдастырылды.