Қазалыда семинар оқу өтті
04.05.2024Қызылорда облысы, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті, Жастар ресурстық орталығында кәсіподақ белсенділері арасында семинар оқу өтті. Семинарға «Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәуле Тұрсынбаева, төраға орынбасары Кеңес Махамбетов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мереке Табынбаева, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, келісу комиссиясының мүшелері, барлығы 21 адам қатысты.
Облыстық филиал төрағасы Сәуле Тұрсынбаева 2023 жылы атқарылған жұмыстармен, кәсіподақтың алдағы уақыттағы жұмыс жоспарымен таныстырып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына жұмыскерлерге тиімді де ұтымды ұжымдық шарт жасалуын және оның орындалуын бақылауды, тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы кәсіподақ мүшелерін қолдап, көмек көрсетілуін, кәсіподақ мүшелері мен оның балаларын сауықтыру бойынша жұмыстарды белсенді атқарылуын т.б. алға қойылған міндеттерді нақтылады.
Басқосуда «ҚР Еңбек кодексі. Жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау» тақырыбында оқу өткізілді. Облыстық филиал төрағасының орынбасары, білікті заңгер Кеңес Махамбетов оқуға қатысушыларға еңбек заңнамасындағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері, бірлесіп жұмысқа орналастыру, өндірістік қажеттілік, жұмыс уақыты және оның түрлері, жылжымалы жұмыс кестесі, үстеме жұмыстардың шекті саны, еңбекке сағат бойынша ақы төлеу, бос тұрып қалуына байланысты жұмысқа қайта қосылу тәртібі, жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу т.б.туралы слайд материалдарын көрсете отырып түсіндірді. Сондай-ақ жеке еңбек дауы, келісу комиссиясының жұмыс тәртібі, ұжымдық еңбек дауы мен татуластыру комиссиясы туралы да айтылды. Оқуға қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.
Семинар соңында оқуға қатысушыларға сертификат табысталды. Сонымен қатар зейнеткерлік жасқа келген кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Ешепетов Жетербай Облыстық кәсіподақтың «Еңбек озаты» медалімен, Суйеуова Зерхан және Асаубаева Зибагүл құрмет грамотасымен, Салалық кәсіподақтың «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен Қазалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Садуақасова Замзагүл, Салалық кәсіподақтың құрмет грамотасы Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі аппаратының әдіскері Асаубаева Зибагүл, Ақжона ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Жансұлтан Роза марапатталды. Сондай-ақ «Мамандығым – мақтанышым» байқауына қатысып «Білікті мемлекеттік қызметкер» номинациясын жеңіп алған Майдакөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Оразбаева Саулеге диплом табысталды.