Кәсіподақ жастары Қобда ауданының тарихи-мәдени орындарымен танысты
09.10.202310 қазан – ҚР Кәсіподақтары күні қарсаңында Қобда ауданында өткен «Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің ауданаралық слёты барысында Ойыл, Хромтау, Мәртөк аудандарының кәсіподақ жастары Қобда ауданының тарихи-мәдени орындарымен танысты.Қобда ауданы батырлар жері екендігі белгілі. Әрісі аты аңызға айналған Қобыланды батырдан бастап, берісі Кеңестер Одағының 8 батыры шыққан өңірдің жастарға патриоттық тәрбие берудегі рөлі зор. Ауданның басты тарихы жәдігерлерінің бірі – Абат Байтақ кесенесі. ХIV-XV ғасырларға жататын тарихи кешен Қазақстанның 100 киелі жері қатарына енген бірегей сәулет туындысы. Абат батыр қазақ даласының ойшылы Асан Қайғының баласы.Слётқа қатысушылар кесенемен, жанында орналасқан Қыз әулие зиратымен танысып, кешен шырақшысы ұсынған терең ақпаратпен қанықты, өлі аруақтарға құран бағышталды.Бұдан кейін слётқа қатысушылар қазақтың біртуар батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған ауылында орналасқан мұражай мен батыр апамыз атындағы патриоттық тәрбие беру орталығында болып, батыр туралы құнды мағлұматтар алды.«Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы өз мүшелерін өңіріміздің тарихи орындарымен таныстыру үрдісін одан әрі жалғастыра бермек.

