Министрліктің қызметкерлері интеллектуалды ойында бақ сынады
28.08.2023ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде 30 тамыз – Конституция күніне орай Quiz интеллектуалды ойыны ұйымдастырылып, ведомствоның қызметкерлері өзара мықтыны анықтады.
Жарыста министрліктің барлық комитетінен жасақталған 9 команда сайысып, оның ішінде 2 құрама орталық аппараттың қызметкерлерінен тұрғанын айта кетейік. Әр команда 5 адамнан құралды. Ойын бірнеше кезеңге жалғасып, оның барысында шын жүйріктер алғырлықтарын танытты.
Ойын аралас үлгіде, яғни қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Аталған интеллектуалды сайысты ұйымдастыру арқылы еліміздің Ата Заңы – Конституцияны ұлықтап, ұжымдық рухты нығайту көзделді.
«Quiz әлемдік трендке айналған интеллектуалды ойындардың бірі. Мұнда жеке адамнан бастап, тұтастай команда тез әрі дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Логикалық және сыни ойлау дағдыларын дамытады. Ұжымдық ауызбірліктерін нығайтып, тиімді жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді. Бұл жарыста қатысушылар Атазаңымызды қаншалықты деңгейде білетінін байқататын болады», деді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, ойынға «Serpin»бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері де қатысқанын атап өткен жөн. Ойын бастауыш кәсіподақ ұйымының көмегімен өткізілді.
Зерделілер мен зейінділер бақ сынаған доданың нәтижесінде үздік үштікке ілінген командаларға арнайы жүлде мен алғыс хаттар табысталды.