Медицина қызметкерлері марапатталды

Медицина қызметкерлері марапатталды

16.06.2023 Off By Администрация сайта

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл күн дертке дауа, жанға саулық сыйлайтын ардақты мамандық иелерінің кәсіби мерекесі. Бұл мереке медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбектерінің қаншалықты маңызды және баға жетпес екенін  көрсетеді.

Өмірінде аталған саланың жұмысымен бетпе-бет келмейтін, көмегіне жүгінбейтін жан жоқ. Ал адамның ең қымбат байлығы – денсаулығын қорғауда, сақтауда ақ халаттылардың еңбегі ерен. Ал бұл дәрігерлерден білімділікті, кәсіби адалдық пен адами қасиеттерді талап етеді.

Мереке қарсаңында «Қызмет» салалық кәсіподағына қарасты үлкен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бірі – №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мерекелік шара өтті. Шараға кәсіподақ тарапынан қатысқан «Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыстық салалық кәсіподақтың «ЕҢБЕК ОЗАТЫ» медалімен кәсіподақ мүшелері  Гаухар Арыстанова, Назира Маханбетова марапаттады. Сонымен қатар Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының алғысымен Салима Абдиева, Гүлзада Нұрымбетова, облыстық салалық кәсіподақтың құрмет грамотасымен Лаура Асқарова, Эльмира Ильясова марапатталып, қаржылай сыйлықтар берілді.

Мерекелік шарада әсем әндер шырқалып, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.