Жыл басы бастауыш кәсіподақ ұйымын ашумен басталды
13.01.2023Сәрсенбінің сәтті күнін ырым етіп, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов «Шым қала» тарихи-мәдени кешені коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен кездесіп, мекеме директорының міндетін уақытша атқарушы Мадина Дүйсебайқызы Кенжеқұлованың қатысуымен ұжым мүшелерімен жиын өткізді.
Жиында еңбек қатынастары туралы мәселе қаралып, Еңбек кодексі мен Кәсіптік одақтар туралы заңнан түсініктемелер берілді. Жұмыскерлердің құқын қорғау мақсатында мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу қажеттігі және оның артықшылықтары жөнінде толық мағлұматтар берді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, мекемедегі ұжым мүшелерінің 44 адамы толығымен немесе 100 пайыз кәсіподақ мүшелігіне кіріп, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамында болуды ұйғарып, жалпы жиналыста бірауыздан мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қойма меңгерушісі Күнсұлу Балқыбекқызы Сыпатаева сайланған.
Қасиетті жұма күні Филиал төрағасы С.Әуесхановтың, мекеменің жұмыс берушісі атынан мекеме директорының міндетін уақытша атқарушы М.Кенжеқұлованың және жұмыскерлер атынан бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы К.Сыпатаеваның арасында өзара қарым – қатынастар жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған келісім-шартқа, сондай-ақ мекеменің жұмыс берушісі мен кәсіподақ комитетінің арасындағы 2023–2027 жылдарға арналған әлеуметтік – еңбек қатынастары бойынша ұжымдық шартқа қол қойып, оны мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өткізуге жолдаған.