Еңбек адамы. Өмірін еңбекпен өрнектеген, еңбекте бағы жанған, адал қызмет иесі – “Қызмет” кәсіподағында

Еңбек адамы. Өмірін еңбекпен өрнектеген, еңбекте бағы жанған, адал қызмет иесі – “Қызмет” кәсіподағында

13.09.2022 Off By Администрация сайта

Жайшылықта кішігірім мекемелерді ескере бермейміз ғой. Ұжымы шағын. Жұмысы да сондайлық елеулі емес. Сырт көзге солай көрінбек. Әйткенмен, сол “кішігірім” мекемелердің болуы тегіннен-тегін емес. Алдымен, ол ұйымдар адамға қызмет етіп отырғаны анық. Мәселен, “Қызмет” Салалық кәсіподағының Жезқазған аймақтық филиалының құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымы – Жезқазған қаласы әкімдігінің “Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығы”. Орталықтың директоры, әлеуметтік әріптес Жақып Аймырза. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жақыпов Ермек. Бұл ретте әлеуметтік әріптестікті жақсы жолға қойылғанын атап өткім келеді. Қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде әрдайым түсіністік пен сенімділік танытып жүрген әлеуметтік әріптестерге алғыс білдіремін.
Орталықтың атауы айтып тұрғандай, екі қолға бір күрек ұстарлық жағдайы жоқ, оны қойып үйі-күйі жоқ жандарға қамқорлық көрсету үшін құрылған мекеме. 40 орындық, яки бір мезетте осыншама адамды ақ төсекке жатқызып, үш мезгіл тамағын беріп, медициналық ем-домын көрсете алады. Одан қалды тағдыр тауқыметіне түсіп, мүсәпір халге ұрынған ол жандарға көрсетілер психолог қызметі және бар. Әдебиет қоры тәп-тәуір кітапханасы жұмыс істейді. Орталыққа келгендердің арасында науқастары болса, онысын анықтап, тиісті емдеу орындарына жібереді. Кейбіреулерінің жоғалған жеке құжаттарын алып беруге ықпал етеді. Айлап, жылдап жатуларына тура келеді. Жылдар аралатып, қайтып келетіндер бар. Шағын мекеменің біле-білгенге атқарар жұмысы ауқымды. Мекеменің жалпы жұмысын шолу жасай бастағанда, әбден мақтауға тұрарлық адал қызмет иесі Гүлбану Мұсабекова жайлы ерекше айтқым келеді. Орталық 2000 жылы ашылса, сол уақыттан бері аянбай еңбек жасағанына тура 22 жыл болды. Гүлбану Сабырқызы – аспаз, тәжірибелі маман. Жас әріптестерінің тәлімгері. Бүгінде ғажап мамандық иесі – 60 жасқа толып отыр. Жүзі жарқын, көпшіл, жүрегі жаралы жандармен ортақ тіл табыса білуі ол бөлек әңгіме. Жалпы, мекеменің аспаздары ауысыммен жұмыс істейді. Мұнда жатқандар біздің басты кейіпкер Гүлбану Мұсабекованың жұмысқа келетін күнін асыға күтіп отыратын көрінеді. Өйткені оның пісірген тамағы қашан да дәмді болады деседі екен олар. Бір жағы әзіл-қалжың ретінде айтылса да, астарында шындық бар тәрізді.

Гүлбану Сабырқызының өзі айтады:

  • Рас, бізде жатқандар қалжыңдап: – Бүгін асхананың іші жарқырап кетті ғой. Сөйтсек, Гүлбану келген екен ғой. Сіз келген күні асхана іші көңілді көңіл-күйге бөленеді. Сіз пісірген тамақ та айырықша дәмді болады,-деген тұрғыда өзіме де жиі айтып жатады. Ия, риясыз шын көңілмен айтылған уәж қашанда адамды қуанышқа бөлейді ғой. Ондай мадақтау сөз жан семіртеді емес пе?! Жалпы қай шаруаны болсын шын көңілмен беріле істесең, нәтижесі ойдағыдай болмақ. Гүлбану Мұсабекова өз кәсібін өте жақсы көреді. Жұмысын бар ынта-жігерімен беріле істейді. Мүмкін тамақты дәмді пісіретіні сондықтан болар. Әйтпесе өзге аспаздардан бөле-жара пісірер асы жоқ. Барлығы нақты белгіленген, басшылар бекіткен арнаулы ас мәзіріне орай тамақ дайындайды. Рас, кейде осылар үй тамағын сағынған шығар деп, қолдан нан илеп, кеспе пісіріп беретіні бар. Ия, жылы сөзбен, ашық қабақпен берілетін ас та дәмді болып көрінеді емес пе. Тағдыр тауқыметіне түскен осы бір жарымжан адамдарға жаны ашып, сөзбен болса да демеу болуға тырысады. Қабақтарына қарап, аналық мейірімге бөлегісі келіп тұрады. Осындай қарапайым мамандық иесі мадақтап- құрметтеуге әбден тұрарлық тұлға. Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайынның татулығын сақтап жүрген асыл ана, абзал әже. Ән-күйге құлағы түрік қауым республикалық телеарналардан көріп, тыңдап жүрген әнші Медет Көжекбаевты жақсы білсе керек. Сол дарынды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген жан. Өзіміздің Жезқазғандық жас деп мақтан тұтамыз. Алматыда “Арай” тобында елге танылған Медет бүгінде жеке-дара сахнаға шығып жүр. Өнерсүйер жерлестерінен бұрын, анасының аңқылдаған жүрекпен ел алдында жүрген ұлын мақтан тұтуы айырықша.
    Адал еңбектің биігін қалыптастырған, мамандығын өміріне серік еткен, рухани байлыққа кенелген, маңайын мейірімділігімен бөлеген, жүзінен шуақ төгілген, қарапайым еңбек адамы, “Қызмет” кәсіподағының белсенді мүшесі міне, осындай.