Грек-рим күресінде көш бастаған балуандар

Грек-рим күресінде көш бастаған балуандар

22.04.2022 Off By Администрация сайта

Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында грек-рим күресі бәсекелері аяқталып, қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының грек-рим күресі балуандары құрлық чемпионатында 2 алтын, 5 күміс, 2 қола, жалпы тоғыз медальге ие болып, Қазақстан құрамасы ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Ал, Иран құрамасы екінші және Қырғызстан балуандары үшінші орынды иеленді.
Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласынан қатысқан қос спортшы Мейіржан Шермаханбет (67 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) қарсыластарын айқын жеңіп, чемпион атанды. Екеуі де бұған дейін күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.
Жарыстың екінші күнінде Мейіржан Шермаханбет (67 кг) финалда екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы Оңтүстік Кореяның спортшысы Рю Хан Суды уақытынан бұрын жеңген.
Екі балуан да жанкүйерлерге жарқын жеңіс сыйлап, әдемі күрес үлгісін көрсетті.
Шымкенттіктердің, басқарма мен оның қарамағындағы спорт мектептері қызметкерлерінің, кәсіподақ мүшелерінің қуанышында шек жоқ.
Ел спортшылары үшін 2022 жылдың басты бәсекесі – Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындары.
Қазіргі таңда жеңімпаз спортшыларымыз сол бәсекеге дайындық жасап, шынығуда.
Оларға Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалып отыр.
Грек-рим күресінен Азия чемпионатының жеңімпаздарына алдағы бәсекелерде сәттілік тілейміз!