Мемлекеттік қызметті жаңғырту туралы
21.04.2022«Қызмет «салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері органдарының қызметі мәселелері жөніндегі жаңартылған Қоғамдық кеңестің бірінші отырысына қатысты.
Агенттік төрағасы Д.Жазықбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметінің негізгі міндеттері мен басым бағыттары туралы хабардар етті.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңестің жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланып, 2022 жылға арналған Ереже мен Жұмыс жоспары бекітілді. Кеңестің үш тұрақты комитетін құрып, олардың құрамын бекітті.
Қоғамдық кеңесте Мирболат Жақыпов Мемлекеттік қызметтің бюрократиясыздандыру және сервистік үлгісін қалыптастыру мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы болып сайланды.
Мирболат Жақыпов қазақстандық қоғам және саяси қайраткері, құжаттанушы, мол тәжірибесі бар, 41 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.
2000 жылы Мирболат Жақыповқа ҚР Президентінің 2000 жылғы 31 Шілдеде №427 қол қойылған «Мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту, төрешілдікке қарсы күрес және құжат айналымын қысқарту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын дайындау тапсырылды. Айта кетерлігі, бұл әлі күнге дейін әрекеттегі күші бар сирек жарлықтардың бірі.
14.04.2022 жылғы «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлық қоғам дамуының қазіргі кезеңінде бірқатар шаралар қабылдауды көздейді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет жүйесі 30 жыл ішінде әртүрлі жетістіктерге қол жеткізді, әлемдік мойындауға ие болды. Бірақ қазіргі уақытта елеулі кемшіліктерді жою үшін жаңа тәсілдерді қолдануды талап етеді.