Кәсіподақ активін сауықтыру мәселелері қаралды
20.04.2022Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев пен «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесуді ашқан Қызылорда облыстық Кәсіподақ орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев ҚРКФ-ның республикалық акциясын өткізудің ерекше маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, еңбек ұжымдарымен кездесулер қарапайым кәсіподақ мүшелерінің нақты жағдайын бақылауға және олардың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева қатысушыларға аймақтағы кәсіподақ ұйымдарына қолдау шаралары туралы хабардар етті.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің төрайымы Гүлзира Есқараева бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына тоқталды. Аталған бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің саны 130 адамды құрайды.
Қызылорда облысы бойынша аталған департаменттің басшысы Мәриям Баекеева кәсіподақпен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Ол бастауыш кәсіподақ ұйымының 35 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Қазіргі таңда мекемеде 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарт бар.
Кездесу барысында «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов кәсіподақ көшбасшыларына жемісті жұмысы, қызметкерлердің мүдделерін қорғауға және облыста әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді.
Отырысты қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ мүшелерін қызықтырған сұрақтарға, оның ішінде кәсіподақ шипажайларына жеңілдік жолдамалар беру туралы жауап берді. Сондай-ақ, ол Жамбыл облысындағы «Меркі радон» шипажайына жолдамалар беру бойынша ҚРКФ-ның пилоттық емдеу-сауықтыру жобасының басталғанын хабарлады.
«Демалыс және сауықтыру орталығына жолдама алу үшін жергілікті емханаға жүгіну жеткілікті. «Мерке Радон» шипажайында аурудың 300-ден астам түрін емдеуге болады, бұл ретте емдеу медициналық сақтандыру қорынан төленеді. Пилоттық жоба жыл сайынғы еңбек демалысында ғана емес, уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңінде де жүзеге асырылады», – деп толықтырды ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.
Күзде жобаны Щучье шипажайында жалғастыру жоспарлануда.