Бастауыш ұйыммен кездесу: мемлекеттік саладағы қызметкерлердің жалақысына қатысты мәселелер толығымен шешім тапқан
08.04.20227 сәуірде Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясы «Тараз қаласы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
Онлайнда өткен кездесуге Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов, салалық кәсіподақтың Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Клавдия Сапожникова және өзге де бастауыш кәсіподақ ұйымдары өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауыловтың айтуынша, Тараз қаласы әкімдігінің 13 құрылымдық бөлімі бар. Әкім аппаратында 52 мемлекеттік, 70 штаттан тыс қызметкер жұмыс жасайды. Аталған қызметкерлердің барлығы кәсіподақ мүшелері. Ұйымда 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарт жасалған.
Кәсіподақтың облыстық бюджетінен және өз қаражаты есебінен кәсіподақ комитетінің шешімімен ауыр сырқаттарды емдеуге, туыстарының қайтыс болғанджа, сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы бойынша әлеуметтік осал топтардың құрамына кіретін қызметкерлерге, балаларға мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ ҰОС ардагерлерін, коронавирус пандемиясы кезінде ауыр жағдайға тап болған қызметкерлерге материалдық көмек көрсетіп келеді.
«Қала әкімінің өкімімен және бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен 2022 жылдан бастап штаттан тыс қызметкерлер бір айлық сауықтыру жәрдемақысын ала бастады және де ұжымдық шарттың қолданысы кезінде іске асатын жеке еңбек дауын шешу жөніндегі Келісу комиссиясы туралы ереже жасалып, ұжымдық шартқа енгізілді. Бұл ережеде кәсіподақ ұйымының мүшелерінің мүддесін қорғау басымдылыққа алынған», – деді Бақтияр Қарауылов.
Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасарының айтуынша, облыстық басқармалардағы қызметкерлердің жалақысы өткен жылдардағы көрсеткіштен екі есеге жуық көлемде өскен. Сонымен қатар еңбек демалысы мен сауықтыру төлемі де жалақы мөлшеріне байланысты артқан. Яғни бұл салада еңбекке ақы төлеу мәселесі жойылып, түбегейлі шешімін тапқан.
Өз кезегінде бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әлия Тойбаева қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласындағы жүргізіліп отырған реформалар мемлекеттік қызметкерлерге үлкен қолдау болғанын, жұмыстарына оң әрі жаңа серпін бергенін айта келе, бастауыш ұйымның атқарылған жұмыстары мен алдағы мақсаттары жайлы ой бөлісті.
Ал, Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясы бойынша атқарылған жұмыстар жайлы төраға орынбасары Нұрлан Өтешев нақты, әрі толық мағлұмат берді.
Оның айтуынша, осындай кездесу қатардағы мүшелердің жағдайын, оларды толғандыратын мәселелерді жүйелеу үшін істеліп жатқанын атап өтті.
«Бұл бастауыш ұйымның атқаратын жұмысы маңызды. Бұл қатардағы бастауыш ұйымы емес, атқарушы биліктің мекемесі болғандықтан сіздерде қолға алынған іс-шаралар мен жаңашылдықтар, басқа да құрылымдық мекемелерде де солай жалғасады. Сіздердегі кәсіподақ мүшелері құқығын біліп, мүддесін қорғап жатса, ол тәжірибе басқа кәсіподақ ұйымдарына үлгі болады. Сол үшін сіздерге жүктелетін жауапкершілік мол», – деді Нұрлан Өтешев.
Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауылов жазғы сауықтыру маусымы келе жатқанын, кәсіподақ мүшелерінің шипажайларда денсаулығына қалпына келтіруіне қатысты сұрақ қойды.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасының орынбасары осы сауалға жауап бере отырып, ҚР КФ тарапынан «кәсіподақ реабилитациясы» деп аталған жоба ақпан айынан бастап іске асырылып жатқанына тоқталды.
Оның айтуынша, кәсіподақ тарапынан пилоттық режимде шипажайларға жолдама беру арқылы медициналық-оңалту жобасы қолға алынған. Бұл жобаның Жамбыл облысының Меркі ауданында орналасқан «Мерке Радон» шипажайында басталғандығын айтқан ҚР КФ төрағасының орынбасары оның бірқатар ерекшелігіне тоқталды. Сондай-ақ Бурабайдағы шипайжайда осы жоба жалғасын таппақ, яғни күзге қарай сауықтыру жобасы екі жерде жүргізілмек.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасының орынбасары кәсіподақ ұйымдарының тарапынан шипажайларға жолдама беру, оның ақысының бір бөлігін төлеу және шипажайда қосымшп шығындарға өтем беруге қатысты ерекшеліктерге де тоқтала кетті.
Бұдан кейін сөз алған, республикалық салалық кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов салалық кәсіподақ мүшелеріне қатысты тың ақпаратпен бөлісіп, әлеуметтік әріптестікке қатысты атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кездесу соңында Клавдия Сапожникова мен әріптестері осы жиынның өтуімен тұспа-тұс келіп отырған, бастауыш ұйым төрағасы Әлия Тойбаеваны мерейлі 55 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтап, кәсіподақ бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапаттады.