Қызметтің келіндері-ай..!
10.03.2022Әдепті келін – ауылдың көркі. Осы сөзде көп мағына бар. Қазақтың келіндері шаңыраққа, жарға адалдықтың, имандылықтың, шаруасына тиянақтылықтың үлгісін көрсетіп келген. Әрдайым да солай болып қала бермек. Жаңа түскен келіннің жүріс-тұрысынан, бойындағы ізеттілігінен оның тәлім-тәрбиесі, адамгершілігі айқын көрініп тұратыны сөзсіз. Ел арасында жақсы келіндеріміздің «халықтың келіні» деген дәрежеге жеткенін естіп, бойымызды мақтаныш сезімі кернейді.Атам қазақ келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп тани білген. Көңіл төріне көктем гүлін ұсына келген аналар мерекесінде “Қызмет” кәсіподағының келіндері қазыналы әжелер мен дана енелерінің алдында тәлім мен тәрбие ұштасып жатқан 5 кезеңнен тұратын келіндер сайысында өз білгендерімен бөлісті. Мағынасы зор мақалдардың күнделікті өмірде қалай қолданатынын, салт-дәстүрге байланысты сұрақтар топтамасы, қолөнер бұйымдары, өздері дайындаған табиғи құрт, балқаймақ, айран өнімдерін ұсынды. Заман ағысына қарай жеміс-жидек әрлеп, турау әдісін көрсетті. Сәбиін ұйықтатқандағы әндерін шырқап, әрқайсысы үлгілі келін атағына ие бола алатынын дәлелдеді. Өзіндік қылығымен ерекшеленген келіндер де болды. Жалпы байқауға мемлекеттік қызмет пен үйдегі міндетін қатар алып жүрген келіндер қатысты. Өзара сайысқа түсіп, салт-дәстүрімізді насихаттады. Біліктілігі мен білімін көпшілікке паш ете білген олар жылы пікірге ие болды. Келіндер сайысына Жезқазған қаласына қарасты Қорғанбай ауылынан – Мыңжасарова Ақерке, Малшыбай ауылынан – Тулешова Гаухар, Кеңгір ауылынан – Боранбаева Эльмира, Талап ауылынан екі қатысушы болды, олар Исабекова Ақерке, Қуандықова Мақпал. Мерекелік іс-шараны әлеуметтік әріптес, Талап ауылының әкімі Қайрат Бапанов ашып берді. Ауыл үлкендері бірауыздан қазылар алқасының төрайымы етіп “Қызмет” Салалық кәсіподағының Жезқазған аймақтық филиалының төрайымы Кожабаева Раушан Құрмашқызын бекітті. Төрайым тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын бесігі, шаңырақтың құты – асыл аналарды мейраммен құттықтап, былтыр дәл осындай сайыс Малшыбай ауылында жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау қорытындысы бойынша сынақтан сүрінбей өтіп, озып шыққан Талап ауылының келіні Ақерке Исабекованы қазылар алқасы Бас жүлде атағына лайық деп таныды. Ол бұл бәсекеде өзінің салт-дәстүрге жетік екенін көрсете білді. 1-ші орынды қара шаңырақтың отын сөндірмей, түтінін түтетіп отырған, 3 баланың анасы Кеңгір ауылының келіні Эльмира Боранбаева жеңіп алды. 2-ші орын Малшыбай ауылының келіні Гаухар Тулешоваға, 3-ші орын Қорғанбайдан келген Ақерке Мыңжасарова мен Талап ауылынан Мақпал Қуандықоваға тиесілі болды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауылдағы енелер мектебінің жетекшісі Назгүл әже: “Отбасының беріктігін сақтауда, ұрпақ тәрбиесінде ененің алатын орны зор. Ал, жаңа өмірге қадам басқан келінге әрдайым қолдау қажет!Шаңырақтың шайқалмауын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосып,жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасынын көпке үлгі ету мақсатында өткізілген байқаудың ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін”-деп қорытындылады.
Ал біз әулеттің ұрпағын көбейтіп, берекесін кіргізіп, ырысын арттырып отырған, қоғам алдындағы қызметін қатар алып жүрген келіндеріміз қатары көбейе берсін дейміз.