Кәсіпорын сұранысы бойынша қайта семинар өткізілді

Кәсіпорын сұранысы бойынша қайта семинар өткізілді

03.03.2022 Off By Администрация сайта

Бұған дейін екі апта алдын Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының ұйымдастыруымен он-лайн режимдегі байланыста Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының және оның қарамағындағы «Қуат жылу орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Су құбыры және кәріз басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметкерлерімен өткізілген семинарда «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов еңбек қатынастарына байланысты баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берген болатын.
Дегенмен, он-лайн семинар уақыты шектеулі болғандықтан, көп сұрақ бере алмаған болуы керек. Сондықтан, кездесуден кейін, әлі де толығырақ және нақтырақ жауап алғысы келіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, дұрыс шешім қабылдау үшін басқарманың қарамағындағы «Су құбыры және кәріз басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшылығы Шымкент қалалық филиалының төрағасы С.Әуесхановты пысықтау семинарын өткізуге қайта шақырған.
Ол еңбек қатынастарындағы кәсіподақтың ролі, кәсіподақ ұйымын ашу, оның жұмысын жүргізудің тәртібі, ұжымдық шарттың тиімділігі мен ұтымды тұстары бойынша екінші рет тереңдетілген семинар-тренинг, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі мен Кәсіптік одақтар туралы заңы, «Қызмет» салалық кәсіподағының жарғысы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының ережесі бойынша кәсіпорын басшылығы қызметкерлерінің және жұмыскерлерінің, яғни белсенді топ мүшелерінің сұрақтарына толыққанды жауаптар берген.
Толық мағлұмат алған жиынға қатысқан белсенді топ мүшелері кәсіподақ ұйымын ашу туралы бір тоқтамға келіп, басқарманың бірнеше учаскелерінде жұмыс жасайтын жұмыскерлермен өздері кездесу өткізіп, кәсіподаққа кіру бойынша жұмыскерлердің ерікті түрдегі жеке өтініштерін қабылдау және ұжымдық шарт қабылдау үшін жобасын дайындау жұмыстарын бастап кеткен.
Бір қуаныштысы кәсіпорынның белсенді қызметкерлері мен жұмыскерлері кәсіподақ ұйымын ашуды мақсат тұтып отыр.
Осының өзі кәсіподақ ұйымын ашудан кем болған жоқ.
Себебі, «Ұқпайтын адамға айтқан сөзің, құмға құйған сумен тең. Ұғатын адамға айтқан сөзің, жасаққа тіккен тумен тең, – деген сөзді халқымыз бекер айтпаған.