Әділеттілік үшін күрес күні
21.02.20222022 жылы Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні «Формальды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу» ұранымен өтуде.
«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ одағы» ҚБ Қостанай облыстық филиалы кәсіподақ ұйымының мүшелері халықаралық датаның маңыздылығын талқылайтын іс-шаралар өткізіп, кедейшілікті жоюға, адамдарды жұмыспен және лайықты еңбекпен қамтамасыз етуге, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарына қол жеткізуге, сондай-ақ барлығына тең әлеуметтік әділеттілікті орнатуға қатысты мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру науқаны барысында 16 ақпан күні Федоровский аудандық филиалы «Мен әлеуметтік әділеттілікті қалай қабылдаймын» деген сауалнама жүргізді. 18 ақпанда облыстық филиалдың қызметкерлері «Қостанай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымы және «Қостанай облыстық мүгедектерді оңалту орталығы» КММ-мен бірлесіп «Еңбек заңнамасының әлеуметтік салаға әсері. Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік» атты онлайн семинарын өткізді. Іс-шаралар барысында жұмыс орындарын сақтауға, қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын жасауға ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылар кәсіподақтардың әлеуметтік әділеттілік мәселелерін шешудегі ерекше маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.